Жас мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және олардың педагогикалық қарым-қатынас кеңістігін кеңейту мақсатындағы ауқымды іс-шаралар облыс өлкесінде толассыз өтуде. Солардың қатарына жуырда облыс орталығы Талдықорған қаласында өткен «Жас мамандар» слетін де жатқызуымызға болады. Алматы облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген шараға 17 аудан мен 3 қаладан 20 команда қатысып, бақтарын сынап қайтты.
Таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған шарадан ауданымыздың жастары да қалыс қалмады. Педагог деген білім мен тәрбие беріп қана қоймай олар өз-өздерін күнбе-күн толықтырып, ізденіс үстінде жүру керек деген дағдыға қалыптасып қалған талғарлықтар бұл сайыста өзгелерден озық екендіктерін байқата білді. «QAZAQ JASTARY» деген атпен жасақталған талғарлық команданың әр мүшесі өз ісінде білгір екендігін баршаға көрсетіп қана қоймай, сол номинацияның жеңімпазы да атанды. Атап айтар болсақ, №22 орта мектеп ұстазы Ерсін Тұрғынбек М.Әлібекұлының «Тәубеңе кел» атты өлеңін мәнерлеп оқып, қара өлеңнің қадір-қасиетін қоңыр даусымен көмкеріп, отырғандардың өлеңге деген сүйіспеншіліктерін арттыра түсті. Нәтижесінде І дәрежелі диплом иегері атанып, топ жарып шықты.
Ал №40 орта мектептің мұғалімі Мамырбек Кәдірхан Т.Рахимовтың «Қазағым-ай» әнін құйқылжыта шырқағанда зал сілтідей тынды. М.Мақатаевтың сөзіне жазылған туындыны шегіне жеткізе орындаған жас педагог «Жүрегімнен шыққан ән» номинациясының ІІ дәрежелі дипломына ие болды. Талғарлықтар өнерден ғана емес интеллектуалдық білім жағынан да кенде еместігін байқатты. №31 мектептің жас маманы Әйгерім Зәкіржан «Эрудит» сайысында ІІІ орынға табан тіресе, №8 мектептің жас ұстазы Ержақып Масихан дойбы ойнаудың шебері екендігін көрсетіп, үшінші жүлдені қанжығасына байлады. Осылайша, қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жаңашыл жастар біріккен ауданымыздың «QAZAQ JASTARY» командасы облыс бойынша «Ең үздік команда» атанып қайтты. Слетте білген-түйгендерін өздері еңбек етіп жүрген мектеп қабырғасында қолданатынын айтқан жас мамандар білімдері мен біліктіліктерін шыңдап отыратын осындай шаралардың жиі өтуін құп көреді. Олары жөн. Ол жас маманды жан-жақты дамытып қана қоймайды «Мәңгілік елдің» тізгінін ұстайтын ұлттың ұл-қыздарына толыққанды білім беруіне септігін тигізеді. Біз өз тарапымыздан жеңімпаз жастарды құттықтап, істеріне береке тілейміз.
Меруерт Дүйсенғалиева,
«Талғар».