Премьер-министрдің бірінші орынбасары — Қаржы министрі Әлихан Смайылов жыл басынан бергі тоғыз айда мемлекеттік бюджеттің кірісі 15 пайызға өскенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Республикалық бюджет 19% және жергілікті бюджеттер 7% өскенін атап өту керек. Ұлттық қордың активтері 2018 жылдың 9 айымен салыстырғанда 15 пайызға өсіп, 26 трлн 447 млрд теңгені құрады. Шығындар бюджеттің барлық деңгейлерінде жоғары процентпен игерілді. Есепті кезеңнің көрсеткіштері осы жылды жоғары деңгейде аяқтауға барлық мүмкіндік бар екенін көрсетеді», — деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, жыл басынан бері республикалық бюджетке 4 трлн 817 млрд теңге табыс түскен. Бұл жоспардан 61 млрд теңгеге көп.
«2018 жылғы 1 қазандағы жағдаймен салыстырғанда кірістің өсу қарқыны 118,5%, яғни 751 млрд теңгені құрады. Бұл соманың 738 млрд теңгесі — салық. Салық бөлінісінде негізгі өсу қосылған құн — 421 млрд теңге, корпоративтік табыс — 184 млрд теңге және халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын 125 млрд теңге салыққа келеді», — деді ол.
Әлихан Смайылов атап өткендей, кіріс бойынша жоспар Нұр-Сұлтан қаласын қоспағанда барлық өңірлерде артығымен орындалған.
«Ал республикалық бюджеттің шығындары 8 трлн 541 млрд теңгені құрады. Орындалмау сомасы — 14,3 млрд теңге. Оның 5,7 млрд теңгесі — үнемделген қаражат. 8,6 млрд теңге игерілмей жатыр. Бұл 2018 жылдың 9 айымен салыстырғанда бес есе аз. Ең көп игерілмеген сома мына әкімшілерде қалыптасты: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі — 1,5 млрд теңге, Жоғарғы сот — 1,2 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігі — 992 млн теңге, Сауда және интеграция министрлігі — 947 млн теңге. Қаржы игермеудің негізгі себептері — конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну», — деді ол.
Талғар-ақпарат