Алматы облысындағы қарттардың жағдайы қандай деңгейде?
Алматы облысының «Талдау және болжау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қыркүйек айында Алматы облысындағы қарт адамдардың жағдайын анықтау үшін онлайн, телефон сауалнама жүргізді,–деп хабарлайды Талғар-ақпарат.
Мемлекетіміздің саясаты халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын: көпбалалы отбасылар, қарт адамдар, зейнеткерлер, әйелдер мен жастарға жағдай жасауға бағытталғаны белгілі.
Соның ішінде, әрбір азаматтың қарттық шағын лайықты етіп қамтамасыз ету, қарт адамдар өмірінің сапасы мен әлеуметтік стандарттарын үнемі жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.
Сауалнамаға нәтижесінде «Біздің қоғамымызда қарт кісілерге құрметпен қарай ма, әлде сыйламай ма? деген сауалға жауап берген респонденттердің 53% құрап, сенімділіктің жоқтығын білдіргендей «құрметпен шығар» деген жауапты таңдаған.
Қазіргі кезде қоғамымызда қарт кісілерге жеткілікті көңіл бөленетіндегіне 44% респонденттер жеткілікті шығар деп күмәнмен жауап берсе, 31% жеткіліксіз сияқты дейді. Ал, қарттардың құқықтары сақталып жатыр ма деген сұрағына да респонденттердің 58% тағы да күмәнді жауап қайтарды. «Әрине, жеткілікті» деп, нақты жауап бергендердің үлесі тек 15% ғана.
Соңғы сұрақтың нәтижесі бойынша, көпшіліктің мазалайтыны денсаулықтарының нашарлауы, ауруларының өршуі (24%) және кедейшілік пен төмен зейнетақы (18%) проблемасы екен. Ал, өмірге деген қызығушылық пен белсенділіктің жоқтығы, дәрменсіздік, балаларына деген тәуелділік, отбасындағы қажетсіздікті сезінуі, жастар тарапынан құрметтің жоқтығы, келешекке үрей сияқты көрсеткіштердің аз пайыз алғаны жақсылықтың нышанын білдіреді. Демек, қарттарға ең қажеті олардың күтімдерін қамтамасыз етіп, көңіл бөлу және қаражат мәселесі екен.
Зерттеу нәтижелерін қорыта келе, облыс тұрғындарының пікірінде, еліміздегі қарттардың жағдайына қатысты біржақты теріс немесе оң көзқарас байқалмағанын айта аламыз.
Қорытындысында 4 негізгі проблема анықталды: денсаулықтың нашарлауы, аурулардың өршуі (24%), кедейшілік, төмен зейнетақы (18%), жалғыздық (16%) және қоғамға қажетсізбін деп сезіну (15%).
Қарттық мүгедектіктің немесе аурудың баламасы емес. Кезінде кейінгілер үшін терін төгіп, еңбегін сіңірген қарттарымыз өз қоғамына нақты пайдасын тигізіп, рухани және экономикалық тұрғыда қозғаушы күш бола алады. Қоғамда қарттар үлесінің артуының басты себебі ретінде олардың ұзақ жасауын көлденең тарту жөнсіз. Бұл үрдіске демографиялық қарқынды өсімге қол жеткізе алмау мәселесі әсер етіп отырғанын қаперден шығармау керек.
Қарттардың көп болуы-ел дамуының көрсеткіші. Құрметтей білсең, қарттардың қоғамдағы белсенділігі арта береді.
Қазақ «Қарты бар ел – қазыналы ел» дейді. Олай болса, қазыналы елімізде қарттарды қолдауды қайырымдылық іс қана емес, олардың сапалы өмір сүру құқығын қамтамасыз ету шарасы деп те қарастырғанымыз абзал.
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ