Емханаларға тіркелу жүйесі автоматтандырылды

Емханаларға тіркелу жүйесі автоматтандырылды

Биыл қыркүйек, қараша айлары аралығында ел тұрғындарына бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына өз қалауы бойынша тіркелу мүмкіндігі беріледі,–деп хабарлайды Талғар-ақпарат.

Бұл туралы «Жетісу медиа» алаңында міндетті әлеуметтік медицина сақтандырудың жаңашылдығы таныстырылды. Сақтандыру қоры өкілдерінің айтуынша, енді тіркелу eGov электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асады. Ол үшін бар болғаны электрондық-цифрлық қолтаңба болуы қажет.

«Емханаға тіркелу процесін автоматтандырудың арқасында сан алуан тәртіп бұзушылықтарға жол берілмейді. Атап айтқанда, енді тіркелу туралы сұрауды қолдан жасау мүмкін емес. Бұрын ондай әрекеттер қызмет жеткізушілер арасында болған. Тіпті, адамдардың өздері де жасайтын.   Маңызды бір мәселені ескерген жөн. Емхана немесе дәрігерлік амбулаторияны еркін таңдау принципі тек тұрғылықты жердің әкімшілік-аумақтық бірлігімен ғана шектеледі. Бұрын ондай шектеу болған жоқ. Алайда іс жүзінде ондай еркіндік бірқатар қиындықтар туғызды. Мәселен, тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген адамдарға, оның ішінде  жүкті және жаңа туған нәрестелерге қызмет көрсету жағынан қиын болды»,-дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының директорының орынбасары Қарлығаш Құрманалиева.

Сонымен қатар, медицина орталықтарын жыл соңына дейін екі рет ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Тек көрсетілетін қызмет түрін  2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ала аласыз.

ТАЛҒАР-АҚПАРАТ

TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!