Алматыда жеті мұғалім туберкулезбен ауырып сабақ берген! Тауарлар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тексеріс барысында осындай сұмдықтың бетін ашты. Сондай-ақ, 18 оқушы өкпе құртын жұқтырғаны анықталды, деп хабарлайды ТалғарАқпарат.
Бұл туралы КТК арнасында айтылды.
«Қайта науқастар дерттің жабық түрімен ауырған», — дейді санитар-дәрігерлер. Қазір сол науқас мұғалімдер мен оқушылар ем-дом қабылдап жатыр.
Тауарлар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті білім ошақтарында ауқымды тексеріс өткізіп, біраз сұмдықтың бетін ашты. Олар оқушыларды білім нәрімен сусындататын мұғалімдер денсаулықтарына немқұрайлы қарайтынын жеткізді.
«100 аспаптық-зертханалық зерттеу жүргіздік. Жоспардан тыс тағы 75 тексеру болды, 105 айыппұл салынды, 100-ден астам хаттама толтырылды. Медициналық тексеруден уақтылы өтпеген 75 қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілді. Жеті мұғалім мен 18 оқушыдан туберкулез анықталды. Бұл мұғалімдердің салғырттығы деп білемін», – дейді Алматы қалалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова.
Мектептегі асханалардың да жағдайы мәз емес. Тексеріс барысында 27 асхананың санитарлық ережені өрескел бұзғаны анықталды. Жауапты департамент вакцинадан бас тартып жатқан ата-аналардың әрекетін түсіне алмай дал.
«Ағымдағы жылы 522 вакцинадан бас тарту анықталды. Салдарынан эпидемиологиялық жағдай ушыққан. Иммунды емес популяция саны да өскен. Вакцина қорғайтын инфекцияның таралып жатыр. Мектеп ұжымы атааналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек», – дейді Айзат Молдағасымова.
Өкпе дертіне шалдыққан жасөспірімдердің саны жыл санап көбейіп жатқанын тәуелсіз сарапшылар да растап отыр. Тек ауыр дәрілерден гөрі дәстүрлі еммен, табиғи шөп-дәрумендермен емделгенді құп көреді. Өйткені антибиотиктер әлсіз иммунитетті одан сайын әлсіретеді дейді қазақтың дәстүрлі емін жаңғыртып жүрген осындай орталықтың басшысы Сүлеймен Маралбай.
«Осы кезде туберкулездің жасөспірімдерде көбеюі – дұрыс тамақтанбау және ауадан. Балалар кішкентайынан антибиотик қабылдайды. Ол дұрыс емес. Вирус тарап, ауруын асқындырады. Менің кеңесім: табиғи шөпдәрілерге баланы кішкентайынан үйрету», – дейді медициналық орталықтың диекторы Сүлеймен Маралбай.
Бүгінде өкпе дертін жұқтырған мұғалімдер мен оқушылар ем-дом қабылдап жатыр. Сондықтан мектеп басшылары ата-аналардың еш алаңдамауын жеткізді.
Талғар-ақпарат