Мұғалімдер арасында республикалық байқау өтпек
2019 жылғы 12 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында мұғалімдер арасында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқау өтеді,–деп хабарлайды Талғар-ақпарат, ҚазИнформ сайтына сілтеме жасап.
Байқаудың өтуіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мұрындық болып отыр.
Байқаудың мақсаты – қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық ғылымының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларынының сабақтастығын жалғастыру. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны сапалы оқыту мақсатын жүзеге асырып жүрген үздік оқытушылардың жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолданудағы жұмыс тәжірибесімен танысу, қазақ тілінің жас мамандары арасында шығармашылықпен жұмыс жасайтын оқытушыларды анықтап, озық тәжірибелерін тарату, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқытып жүрген оқытушылардың кәсіби беделі мен қоғамдағы мәртебесін арттыру болып отыр.
Аталмыш байқау үш кезеңнен тұрады:
-
бірінші кезең – қатысушылар өздері жайындағы, оқу материалдары мен жетістіктері жайлы дайындаған бейнематериалдарын көрсетуі тиіс.
-
Екінші кезең – қатысушылар өздеріне қойылған педагогикалық-психологиялық жағдайларға арналған тапсырмаларды орындауы керек.
-
Үшінші кезең – қатысушы мұғалім 20-25 минут көлемінде өзінің сабақ өту үлгісін көрсету міндет.
Бұл шараға еліміздің 16 өңірінің оқытушылары қатысады деп күтілуде. Байқау жеңімпаздарын әдіскер-ғалымдардан іріктелген қазылар алқасы таңдайтын болады. Жүлделі орын алған қатысушыларға арнайы дипломдар мен алғысхаттар және де қаржылай сыйлықтармен марапатталатын болады.
«Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімі мен қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған ғалым-ұстаз екендігі көкірегі ояу, көзі ашық ортаға аян. Ғалымның қазақ тілін оқытуға арналған «Методика мәселелері», «Қай әдіс жақсы?», «Оқу құралы» және т.б. мұралары жас ғалым-зерттеуші, педагог-әдіскер жастарға мәңгі азық болары сөзсіз. Қазіргі таңда зерттеуші-әдіскерлер қазақ тілін үйретуде қолданылып жүрген оқытудың тиімді жаңашыл технологиялары жайлы идеялардың Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерінен бастау алатындығын дәлелдеп жүр. Сондықтан ұлт ғалымының әдіс-тәсілдері жайлы тұжырымдарының өміршеңдігін зерделей отырып, қазақ тілін оқыту әдістемесіне толыққанды пайдалану арқылы оның мұраларын жаңғырту жас оқытушылардың құзырында», — делінген баспасөз баянында.
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ