Президент Ұлттық кеңестің жұмысшы топтары қандай мәселелерді талқылауы керектігін айтты

Президент Ұлттық кеңестің жұмысшы топтары қандай мәселелерді талқылауы керектігін айтты

Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің жұмысшы топтары қандай мәселелерді талқылауы керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық кеңестің жұмысы нақты әрі нәтижелі болуы үшін келісім бойынша үш жұмыс тобы құрылды. Бұл топтар әлеуметтік, экономикалық және саяси бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді. Осыған сәйкес аталған топтар нақты ұсыныстарын әзірлеп, кеңестің қарауына енгізуі қажет», — деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Қазақстан Президенті экономикалық бағыттың жұмысшы тобы Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген микро және шағын бизнестің негізгі қызметін табыс салығынан  босату, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару, мемлекеттік сатып алу жүйесін өзгерту, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру, Армиядағы қаржылық тәртіпті күшейту, жұмыс істеп жүрген азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін  білім  алуға немесе баспана сатып алуға беру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылауы тиістігін атап өтті.

«Саяси бағыттағы жұмыс тобы күнтәртібін бастапқыда ілкі режімде жергілікті билік қызметінің тиімділігін халықтың бағалауы жүйесін енгізу, 4 жылдың ішінде мемлекеттік қызметшілер мен ұлтты компаниялардың қызметкерлерін 25 пайызға қысқарту, шеру өткізу тәртібін жеңілдету, Ішкі істер министрлігін реформалау, орталық және жергілікті деңгейде нормативтік-құқықтық актілерге жемқорлыққа қарсы сараптаманы қалпына келтіру сынды бастамалармен толықтыруы қажет», — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік даму бағытындағы жұмысшы тобы ауыр қылмыстарға жазаны күшейту, аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету сынды мәселелерді қаперге алуы қажеттігін айтты.

Талғар-ақпарат