Шығыс Қазақстанның тумасы әлем білетін Google компаниясының инженер маманы болып жұмысқа тұрды,–деп хабарлайды Талғар-ақпарат КазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Әлемге әйгілі Google-ға жұмысқа кіру екінің біріне беріле бермейтін мүмкіндік. Осы орайда, бағы мен бабы қатар келген отандасымыз Жасан Байпақбаев аталмыш компанияда жұмыс істеу өз саласындағы әр студенттің арманы екеніні айтады.
Ол, Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданы, Қаратоғай ауылында туып өскен. Мектеп бітірген соң, Алматыдағы Сүлейман Демирел атындағы университеттің «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша білім алған. Бакалавр дәрежесін алғаннан кейін Қазақ-британ техникалық университетіне түсіп дәл сол мамандық бойынша магистр атанған.
«Google секілді әйгілі компанияға жұмысқа кіру менің мамандығымда оқыған әрбір студенттің арманы екені рас. Оған қоса, ол жерге жұмысқа орналасу үрдісі де көпке мәлім. Яғни ақпараттық технологиялар саласының мамандары ол ережемен етене таныс. Жалпы бұған дейін АҚШ-та стартап саласында аздап еңбек еткенмін. Сол себепті, ақпараттық технологияда тәжірибе бар деуге болады» , — деді жас жігіт.
Отандасымыздың айтуынша, Google компаниясы жаңадан кірген қызметкерлерін сол ортаға тез бейімдеу мақсатында арнайы дәрістер өткізетін көрінеді.
«Дәрісте компанияның құрылу тарихынан бастап, онда жұмыс істеу, қызметкердің мақсаты пен міндеті, ортаға тез сіңіп кету жолындағы пайдалы ақпараттар беріледі. Мен үшін ол дәрістің пайдасы көп болды» , — дейді ол.
Өз кезегінде Жасан, Google компаниясында жұмыс жасағанды армандайтын ел жастарына кеңесін айтып білгенімен бөлісті.
«Көбіне академиялық білімге назар аударған жөн. Ғылымға өте жақын болу керек. Сол сияқты есеп шығару қабілеті де артық етпейді. Яғни алгоритм ережелерін терең білу маңызды. Одан бөлек, тәжірибеден өту қажет, онсыз болмайды. Ірі компанияда жұмыс істеудің тағы бір артықшылығы: Онда қызметкердің жағдайы барынша жасалады.
Сол себепті, жастар ірі компания, холдингтерде жұмыс істеуге ұмтылады және бұл дұрыс үрдіс. Google-де басқасын айтпағанның өзінде барлық қызметкерлер үш мезгіл тамақпен және қызметтік көлікпен қамтамасыз етіледі» , — дейді Жасан Байпақбаев.
Талғар-ақпарат
Telegram каналымызға жазылыңыз !