Шекарашылар эстафетасы текеліге жетті

Шекарашылар эстафетасы текеліге жетті

Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметіне 27 жыл.  Осы орайда Текелі қалалық мәдениет үйінің алдында ұйымдастырылған іс-шарада  эстафета мүсіншесі Жаркент шекара отрядының 2091-әскери бөлімінен Текеліге салтанатты түрде жеткізілді, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Елдің, жердің шекарасында жүрген әскерилердің адал қызметін дәріптеу мақсатында өткен шарада Жаркенттік шекарашы аттылар кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріне құрмет көрсетіп, ту ұстап, эстафета нышанын табыстады. Ұйымдастырушылардың бірі жазиралы Жаркент өңірінен келген Лаура Батырханова шараның негізгі мақсатына тоқталып, маңызын ашып көрсетті.

— «Шығыс» өңірлік басқарма басшысы Жәнібек Төлебаевтың бастамасымен алғашқы рет осындай атты эстафета өткізіліп отыр. Эстафета құрамында «Шекара жүректері» аспапты-әскери ансамблі, әйелдер кеңесі және әскери медициналық қызметтен де қатысушылар бар. Шекараны тек әскери қызметтегілер ғана емес, халық та бірге күзетіп, бірге қорғайды емес пе? Сол себепті де бұл шараның негізгі мақсаты — халық пен шекара қызметінің байланысын күшейту. Сондай-ақ, жастарға осы бір ер азаматтарымызды үлгі, өнеге ретінде көрсету, сол арқылы олардың бойында патриоттық сезімді ояту болып табылады,-деп атап өтті ол.

Шара барысында Текелі қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін Мәдениет үйінің алаңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, әскерилер оркестері және қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, түрлі аспаптарда өз өнерлерін көрсетті.

Талғар-ақпарат