Талдықорған қаласының әкімі 525 балаға қол ұшын созды
Талдықорған қаласының әкімдігі мен «Niyet Charitable Foundation» қоғамдық қорының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Меморандумда аталған қоғамдық қордың көмегімен Талдықорған қаласының аумағындағы аз қамтылған, мүгедек, жетім және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсетілетіні айтылған болатын, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
— Құрметті қауым! Біз қасиетті мереке қарсаңында осындай қайырымдылық шарасын өткізуді жөн көрдік. Бұл акция Талдықорған қаласы әкімдігі мен «Niyet Charitable Foundation» қоғамдық қоры арасындағы ортақ келісім аясында іске асып отыр. Біз меморандумға қол қояр кезде көмекке мұқтаж жандарға 5000 мыңға дейін киім таратамыз деп келіскен болатынбыз. Қазіргі уақытта келісілген киімдердің 2600 данасы Талдықорған қаласына келді. Бүгін соның алғашқы легінде 525 балаға таратқалы отырмыз, — деді сөйлеген сөзінде қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов.
Бұл көмек Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мекемесінде тіркеуде тұрған балаларға беріліп отыр. Қайырымдылық шарасының бірінші кезеңінде 112 отбасыға, соның ішіндегі 525 балаға киім-кешектер таратылды. Таратылған киімдердің дені күздік және қыстық қиімдер. Мұнда әр балаға жеке-жеке мән беріліп, киім дене мөлшеріне лайықтандырылып беріліп отыр.
Мұндай қайырымдылық шарасына келген ата-аналар да дән риза.
— Жаңа Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның бағдарламаларын қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қолға алып, Талдықорған қаласында бірінші рет ауқымды шара ұйымдастырып жатыр. Бұл дегеніміз біз секілді аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға үлкен көмек. Мен ата-аналардың атынан Сіздерге алғыс айтамын. Істеріңіз ретті болсын! – деді Гүлбану Рахымқызы.
Шаһар басшысы бұл акция жуырда өз жалғасын табатынын атап өтті. Сондай-ақ, Ғалымжан Райылұлы жылыту маусымында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың үйіне көмір тарату жоспарда бар екендігін айтты.
Талғар-ақпарат