Алматы облысының кәсіподақ орталығының белсенділігі артып келеді

Алматы облысының кәсіподақ орталығының белсенділігі артып келеді
«Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 2015 жылдан бастап жұмыс істейді.
Төрт жыл ішінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының құрметті ұйымдарының бірі болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР Кәсіподақтар федерациясының құрылымындағы көшбасшылар үштігіне енді. Тәжірибесі мол орталық үнемі іздену үстінде және кәсіби өсуді, дамуды көздейді.
Қазіргі уақытта кәсіподақтар – үкіметтік және бизнес өкілдерімен бірлесе заманауи қазақстандық қоғамды қалыптастыруда жұмыс жасап келеді. Еліміздегі кәсіподақ жүйесіне оң өзгерістер еніп, жұмысы жаңа форматта жүргізіле бастады.
Алматы облысының кәсіподақтар орталығы – облыстағы азаматтық қоғамның маңызды бөлігінің бірі. Орталық құрылғаннан бері мекемелердегі еңбек ұжымдарын кәсіподақ қозғалысына тарту, жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру, жұмыс жасап жатқан кәсіптік одақтардың қызметтерін ретке келтіру бойынша жұмыстар жасалуда.
Бүгінгі таңда Алматы облысының кәсіподақтар орталығы облыстағы қоғамдық кеңес, бюджетті қалыптастыру, мәслихат отырыстары, дағдарысқа қарсы штаб, жастар саясаты, кәсіпкерлікті дамыту сияқты көптеген еңбек қатынастарын реттейтін комиссиялардың құрамына қабылданып, өз жұмысын жалғастырып отыр.
Кәсіподақты таныту мақсатында мемлекеттік органдармен келісімшарттар, меморандумдарға отыру жалғасуда. Нәтижесінде көптеген ұжымдарда еңбек мәселесі бойынша шешілмей тұрған мәселелерді назарға алып, күн тәртібінде қарастырулуда.
Бүгін Алматы облысының кәсіподақтар орталығына 12 облыстық салалық кәсіподақ, оған жалпы саны 89 873 мүшені құрайтын 1055 бастауыш ұйымдары кіреді. Мүшелік бойынша білім беру және денсаулық сақтау салаларының кәсіподақтары көп болып табылады. Өткен жылдың соңында «Ынтымақ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің жаңа кәсіподағы құрылды.
Өткен жылы облыстық сот және Талдықорған сотының ғимараттарында сотқа дейінгі даулардың алдын-алу үшін «Татуласу орталықтары» ашылып, жұмыс жасауда. Осы орайда облыстық соттың ғимаратында ашылған Құқықтық қызметтер орталығына кәсіподақтар тарапынан жоғары дәрежелі медиатор қызметке келді. Бүгінгі таңда медиатордың көмегіне 637 адам жүгініп, түрлі сұрақтар бойынша кеңестер алды.
«Аумақтық кәсіподақтардың бастамасымен еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарлама аясында техникалық инспекторларды оқыту, еңбектегі техникалық қауіпсіздікті нығайту жұмыстары жүргізілуде»,-деді облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Әсет Серікқалиұлы.
Талғар-ақпарат