Есеп беріліп, ұсыныстар айтылды

Есеп беріліп,  ұсыныстар  айтылды
18 шілде күні аудан әкімдігінің кіші жиынжайында өткен Талғар аудандық мәслихатының кезекті 48 сессиясына аудан әкімі Рыскелді Сатбаев, аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, аппаратының басшысы, мәслихат депутаттары, бөлім мен мекеме өкілдері, қала, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Сессия жұмысына төрағалық еткен аудандық мәслихат депутаты А.Кенжебаев жиналғандарды күн тәр­тібінде қаралатын мәселелермен таныстырып, жұмыс регламентін бекітті. Сессияның күн тәртібінде төрт мәселе қойылды. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің 2006 жылғы 18 қантардағы №19 Жарлығына сәйкес, Талғар ауданының әкімі Сатбаев Рыскелді Ахметқалиұлы өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орын­далуы жөніндегі аудандық мәслихат депутаттары алдындағы есебі, аудандық ветеринария бөлімінің аудан бойынша ауылшаруашылығы малдары ауруларының алдын алу және емдеу жөніндегі жұмыстары туралы есебі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің атқарған жұмыстары бойынша есебі тыңдалды. Соңында аудандық мәслихаттың келесі кезекті сессиясының күн тәртібі бекітіліп, сессия төрағасы сайланды.
Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе бойынша аудан әкімі Рыскелді Сатбаев ағымдағы жылдың алты ай ішінде атқарылған жұмыстар жайында тұщымды есеп берді. Өз сөзін бюджеттің орындалуынан бастаған аудан басшысы бюджет қоржынына 24,9 млрд.теңге салықтық түсімдер жиналып, жоспар 101,5 пайызға орындалғанын жеткізді. Оның ішінде республикалық бюджетке – 20,0 млрд. теңге (жоспар 100,3 пайыз), жергілікті бюджетке – 4,9 млрд. теңге түсімдер жиналғанын (жоспар 106,5 пайыз), жалпы аудандық бюджеттің түсімдері 2,0 млрд. теңгені құрап, жоспар 104,5 пайызға орындалғанын айтты. Шығындар көлемі 13,0 млрд. теңгені құрап 100 пайызға орындалған. Осыдан соң әр салаға жеке-жеке тоқталып атқарылған жұмыстармен қатар алға қойған келелі міндеттерді де қамтып өтті. Ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта кә­сіп­керлік, құрылыс, инвестиция, ин­фрақұрылым, әлеуметтік сала, оның ішінде бі­лім, денсаулық, жұмыспен қам­ту, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету, құқық қорғау, спорт салалары да толықтай қамтылды. Айта кету керек, бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларының әлеуметтік жағдайын жақсарту үкіметтің алдында тұрған келелі мәселенің бірі. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жат­қаны да жан-жақты сөз болды. «Ауданда 3551 көпбалалы отбасылар бар. Барлық ауылдық округтерде мәртебесін анықтау үшін «Е-Халық» бағдарлама орнатылған. Көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету үшін бюджеттен 642 млн. теңге қосымша бөлінген. Бүгінгі күні 2862 көпбалалы отбасыларға 470 млн. теңгеге мемлекеттік әлеуметтік көмек төленген. Алтын құрсақ аналарымыздың қоғамдық жолаушылар көлегінде тегін жол жүруіне 91,8 млн. теңге бөлінген. 2019 жылдың 6 мамырынан бастап 2733 көпбалалы аналар барлық ауыларалық, қалааралық көліктерде тегін жүргізілуде», – деді аудан әкімі. Бүгінгі таңда қарапайым халықтың мұқтажына айналған баспана мәселесі де өткір тұрғаны анық. Осыған орай әкім есебіндегі көрініс тапқан құрылыс, инвестиция салалары бойынша келтірілген мәліметтер де көңіл көншітеді. «Аудан экономикасын дамытуға 24,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6,5 млрд. теңгеге жеткізіліп, нақты индекс көлемі 160,1 пайызды құрап отыр. 81,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді (өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп). Талғар қаласында «Нұрлы Жер» бағдарламасымен 60 пәтерлі 5,4 мың ш. м. құрайтын несиелік тұрғын-үй құрылысы аяқталды.Талғар қаласында 1,7 млрд. теңгеге 6 көппәтерлі тұрғын-үйлердің құрылыс жұмыстары жүр­гізілуде. Құрылыс жұмыстарын аяқ­тау 2020 жылға жоспарланған»,-деді аудан бсшысы өз баяндауында. Аудандық мәслихаттың депутаты Сұлтан Нұрдәулетов аудан әкімінің есебіне қанағаттанатынын білдіре келе, Талғар-Алматы күре­жолын кеңейту мәселесіне жіті көңіл бөлуін, сонымен қатар Қызыл Ту, Төңкеріс ауылдары мен Қайнар, Нұра ауылдық округтері аумағын газдандыру жұмыстарының тұралап қалғанын айтып, бұл мәселені де назарға алуын сұрады. Аудан басшысы Рыскелді Сатбаевтың баяндауын мұқият тыңдаған халық қалаулылары лауазым иесіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау жөніндегі есебіне «қанағаттарлық» деген баға бер­ді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудан бойынша ауылшаруашылығы малдары ауруларының алдын алу және емдеу жөніндегі жұмыстары бойынша аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Рашид Смаиловтың есебі тыңдалды. Бүгінгі күнге аудан аумағында ешқандай аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмегенін ал­ға тартқан бөлім басшысы 6 ай ішін­де атқарылған жұмыстарды жіп­ке тізгендей тарқатып берді. Диагностикалық жұмыстар және ветеринарлық – профилактикалық іс-шаралар алдын ала бекітілген жоспарға сай жүргізіліп жатқанын, жергілікті атқарушы органның бас мамандары ветеринарлық станциясының ве­­те­­ри­нария дәрігерлерімен бірлесе отырып, аудан аумағында диагностикалық, аллергиялық тексерулердің, эпи­зо­отиялық ахуалды тұрақтандыру жұмыстарының жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Қаңғыбас, иесіз иттерді аулау мәселесіне қатысты іс-шаралар туралы да толық мағлұмат берді. Ветеринария бөлімінің есебі назарға алынды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің атқарған жұмыстары бойынша есеп беру үшін мінберге көтерілген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жәден Байсбаев ағымдағы жылдың 1-ші жарты жылдығында жүзеге асырылған әлеуметтік мәселелерді жүйелей жеткізді. Жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, біржолғы материалдық көмек, ҰОС ардагерлеріне коммуналдық қызметтеріне бөлінетін әлеуметтік көмек, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі, нақты цифрлар мен дәйекті деректер келтіре баяндады. Есепті талқылап, өз ойын білдіру үшін сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты, мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Бәзілхан Әбдіғани атқарылған жұмыстарға тоқмейілсімей, алдағы уақытта да көпбалалы және қоғамдағы әлеуметтік жағдайы әлжуаз отбасыларының баспанаға деген сұранысына жіті мән бере отырып, оны шешудің тиімді жолдарын жүзеге асыру керектігін айтты. Сонымен қатар, жаңа форматтағы АӘК-ті тағайындауда да кемшіл тұстардың орын алып отырғанын алға тартып, бұл жүйені әлі де жетілдіру туралы ой-пікірін ортаға салды. Отбасының ортақ табысын, яғни кіріс көзін есептеуде азын-аулақ малын, үй құсын, тіпті өсіп тұрған жеміс ағаштарын да есепке алу нағыз көмекке мұқтаж жанұялардың жәрдемақыға қол жеткізе алмай, қиындық көріп отырғандарын алға тартып, қынжылысын білдірді. Алдағы уақытта да мәслихат депутаттары, «Nur Otan» партиясымен бірге Ел­ба­сының әлеуметтік бастамаларын, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды және бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығы қатаң бақы­ланатынын мәлімдеді. Өз сөзінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ағымдағы жылдың 1-ші жарты жыл­дығында атқарған жұмыстары туралы баяндамасы назарға алынуын айтқан депутат, ауданымыздағы көп­­ба­ла­лы және тұрмысы төмен от­ба­сы­ларына тағайындалатын АӘК бе­­руді жүйелендіру, халық ара­сын­да түсіндіру, ақпараттандыру жұ­мыстарының нәтижелі болуын, мү­гедек жандарға қызмет көрсететін мамандардың аздығын ескере отырып, алдағы уақытта олардың санын арттыру бағытында жұмыс жүргізуді ұсынды. Сессияның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, келесі жо­лы өткізілетін кезекті сессияның төрағасы болып №7 сайлау округінен сайланған депутат Омарбаев Мақсұт Қасымбекұлы бірауыздан сайланды.
Райхан АЗИМОВА,
ТалғарАқпарат