Қайырымды жүрек қартаймайды

Қайырымды жүрек қартаймайды

Талғар жұртшылығын әуре-сарсаңға салған табиғат апатының өткеніне де он жылдан асып барады. Көрген адамның көңілін құлазытқан сол оқиғадан кейін ауданның тыныс-тіршілігі қалыпты арнаға түсіп, бүгінде шаруашылығы дөңгелеп, экономикасы артқан әлеуетті аудандардың біріне айналып отыр. Осы сәтте тосыннан болған табиғаттың сынағын жұмыла көтеріскен республика жұртшылығының тілегі мен пейілі, қамқорлығы мен көмегі демеу болып еді. Енді міне талғарлықтардың өздері де сондай игі істі атқарып, Түркістан облысы Арыс қаласында зардап шеккен жерлестеріне көмек қолдарын созып жатыр.
Апта ортасында ауданда ашылған қабылдау пунктінің жай-жапсарын аудан басшысы Рыскелді Ахметқалиұлының өзі қадағалады. Шараның болатынынан хабары бар жұрт көптеп жиналған орталық алаңда алдымен арыстық ағайынды сабырға шақырған оң тілектер айтылды. Сөз алған өңір басшысы 25 миллионға жуық қаржының тиісті шотқа аударылатынынан хабардар етті. Жұбатар сөздердің жалғасын аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Қалимолда Байболов, аудандық орталық мешіттің бас имамы Мұсабек Тағанұлы, белорусь ЭМО төрайымы Жанна Третьяк жалғастырып, «жұмыла көтерген жүктің жеңілдігін», қазақ қашан да бірлігі мен ынтымағы ажырамаған ел екенін, сол қасиетіміз сынға түсетін бұл да өтпелі ауыртпашылық кезең екенін тілге тиек етті. Жүрегінде еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі бар азаматтың қай-қайсысы да бұл шарадан тыс қалмай, атсалысатындықтарын жеткізді.
Расында да ағылып жатқан халықтың Арыспен бірге екендіктерін байқау қиын емес. Қолынан келген көмектерін аямай, бірі заттай, бірі қаржылай әкеліп, қабылдау нүктесіне өткізіп жатыр. Сұйық май, макарон өнімдері, тұрмыстық және гигиеналық заттар, төсек жабдықтары, ыдыс-аяқ сынды өзге де де қажетті дүниелерді арқалай келген аудандық мешіт мұндай көмекті алдағы жұмаға дейін тағы да атқаратынын жеткізді.
Жомарт Анарбекұлы, Тұздыбастау ауылдық мешітінің бас имамы:
— Алланың қалауымен елімізде болып жатқан жағдай оңтүстік ағайынның ғана емес барша халықтың қабырғасын қайыстырды. Ат төбеліндей ғана еліміздің қай өңірінде де апатты жағдай орын алмасын, олардың қайғысы біздің қайғымыз деп білемін. Қасиетті Құран аятында: «Кәмде кім мысқылдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады» делінген. Жасаған жақсылықтарыңның жемісі әр жүректің тыныштығына жол ашады. Қайғырған адамның қайғысына ортақ бол, жылағанға иығыңды тос, ашыққанды тамақтандыр сонда жан сарайың гүлденеді. Осындай мұсылмандық дәстүрден нәр алған әр адам мұндай сауаптан құр қалмайды деп ойлаймын.
Мұнан өзге қуана айтар жайт, аудан кәсіпкерлерінің көмегі толастар емес. Мәселен, «Texti Market», «GLASMAN», «CLOTWELL (ТАЛГАРТЕКСТИЛЬ)», «Сырат», СПК «ПЛЗ Алматы»
ЖШС киім-кешек, азық-түлік, гигиеналық-тұрмыстық заттарды қораптап өткізіп жатты. Мұнан өзге азаматтық іс танытып жатқан А.Нұрманова, А.Асылханов, А.Асанова сынды жекелеген азаматтар да бұзылмайтын, жолға жарамды азық-түліктер мен қаржылай көмектерін ұсынып жатты. Қайырымды істің басында қарапайым жандар жүретінін ескерсек, аты-жөндерін айтуды қаламаған жандар да қолдарынан келгенше аянып қалған жоқ. Тәулік бойы ашық тұратын қабылдау пункі жергілікті тұрғындардың көмегін арқалап ертең жолға шықпақ. Мейірімділік, қайырымдылық һәм имандылық қасиеттер салтанат құрған қоғамның болашағы баянды, келешегі кемел болмақ. Арыстық ағайын, Талғар жұртшылығы сіздермен бірге!

М.Бөлек.