Көксу ауданында қырық жылдан аса күрделі жөндеу көрмеген мектеп қайта жаңғыртылудан өтеді

Көксу ауданында қырық жылдан аса күрделі жөндеу көрмеген мектеп қайта жаңғыртылудан өтеді

Аудан  басшысы Алмас Әділ Злиха Тамшыбай ауылындағы З.Тамшыбай атындағы орта мектепке барды.  640 оқушыға арналған білім мекемесінде қазір 302 бала оқып жатыр, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Мектеп  директоры Гүлмира Садырбаеваның айтуынша, ғимарат 1974 жылы салынған.  1998 жылы мектеп терезесі, 2004 жылы мектеп жабындысы ауыстырылған. Содан бері білім мекемесіне бірде бір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Қазір  тозығы жеткен мектептің демонтаж жұмыстары аяқталып, іргетасының, қабырғаларының сесмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде.  Жалпы мектептің күрделі жөндеуіне 502 миллион теңге бөлінген.

Мердігер компанияның айтуынша жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жылыту және желдету, су және кәріз жүйелерін, ішкі электржүйелерін, өртке қарсы дабл жүйелерін, балалардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау жүйелерін орнату қарастырылған екен.  Мердігер «Жібек Жолы құрылыс сервис» компаниясы мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын 20-тамызға дейін аяқтауды уәде етіп отыр. Құрылыс жұмыстарының барысымен танысып шыққан аудан әкімі компания өкілдеріне жоғары сапалы құрылыс жұмыстарын қамтамасыз етуді, бірқатар кемшіліктерді жоюға тапсырма берді.

Талғар-ақпарат