Дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін беру қағидалары 

        Аудандық сайлау комиссиялары есептен шығару куәліктерін бөледі және дауыс беру күніне дейін он алты күннен кешіктірмей учаскелік сайлау комиссияларына береді.
        Есептен шығару куәлігі сайлаушыға (немесе сенімхат бойынша оның өкіліне) сайлаушылар тізімдері жалпыға танысу үшін ұсынылған кезден бастап сайлау күніне дейінгі кезеңде сайлаушының болатын жері өзгерген жағдайда, есептен шығару куәлігін алуға өтініш негізінде беріледі.
         Өтініш бойынша есептен шығару куәлігін берген учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі сайлаушылар тізіміндегі сайлаушының тегіне қарсы «ескертпе» бағанына есептен шығару куәлігінің берілгені туралы жазбаны, оның бес таңбалы сериялық нөмірін, берілген күнін енгізеді және өз қолын қояды.
         Сайлаушының есептен шығару куәлігін алуға берген өтініші сайлаушылар тізіміне қоса беріледі және оны тиісті сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруға негіз болып табылады.
        Есептен шығару куәлігі басқа сайлау округінде немесе бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге ниет білдірген сайлаушыларға берілмейді.
        Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді.
        Есептен шығару куәліктерінің төлнұсқалары (дубликаттары) берілмейді.
Дауыс беру тәртібі
       Есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру күні сайлаушыны оның болатын жері бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне қосады.
        Есептен шығару куәлігі негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушы дауыс беруге тек қағаз бюллетеньдермен қатысады.
        Егер есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау учаскесінде берілген болса, сайлаушы тізімге енгізілмейді.
         Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінің алдындағы жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де тоқтатылады.
Талғар аудандық сайлау комиссиясының төрағасы
Д.Батталгазиев