
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Ол тек жеке отбасының ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігі мен әл-ауқатына әсер етеді. Зорлық-зомбылықтың кез келген түрі адам құқықтарын бұзып, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, психологиялық жағдайына елеулі зиян келтіреді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, экономикалық және жыныстық сипатта болуы мүмкін. Көп жағдайда жәбірленушілер қорқыныш, тәуелділік немесе қоғамдық пікірден қысылу салдарынан құқық қорғау органдарына жүгінбей жатады. Алайда мұндай әрекетсіздік жағдайдың одан әрі ушығуына алып келуі мүмкін.
Қазақстан Республикасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бағытында заңнамалық шаралар тұрақты түрде жетілдірілуде. Мемлекет азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше көңіл бөледі. Құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы органдар және әлеуметтік қызметтер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілерге құқықтық және психологиялық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Әрбір азамат зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанып, мұндай жағдайларға бейжай қарамауы қажет. Отбасындағы сыйластық, өзара түсіністік пен жауапкершілік – берік қоғамның негізі.
Егер сіз немесе жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болсаңыз, үнсіз қалмаңыз. Уақытылы көмекке жүгіну – өз өміріңіз бен денсаулығыңызды қорғаудың маңызды қадамы.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Берекелі отбасы – қауіпсіз қоғамның кепілі.

