Талғар ауданының мәдениет үйі қызметкерлері ұлттық киіммен дауыс берді

Бүгін сағат 15:00 шамасында Талғар ауданындағы №825 сайлау учаскесіне аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері ұлттық киім киіп келіп, өз таңдауларын жасады.

Ұлттық нақыштағы киім үлгісін таңдаған мәдениет саласының қызметкерлері сайлау учаскесіне ерекше сән беріп, көпшіліктің назарын аударды. Қызметкерлердің бірлігі мен ұлттық дәстүрді дәріптеген жарасымды бейнесі сайлау күнінің мазмұнын айшықтай түсті.

Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын танытатын маңызды мұра. Осы ретте мәдениет саласы мамандарының дауыс беруге ұлттық киіммен келуі елдің мәдени құндылықтарына деген құрметтің көрінісіндей әсер қалдырды.

№825 сайлау учаскесіне жиналған тұрғындар да мәдениет үйі қызметкерлерінің бұл бастамасына қызығушылық танытты. Олар белгіленген тәртіппен дауыс беріп, азаматтық міндеттерін орындады.

Сайлау күні осындай мазмұнды әрі көркем көріністердің орын алуы ел азаматтарының қоғамдық өмірге белсенді араласуымен қатар, ұлттық құндылықтардың да ұлықталып отырғанын көрсетеді.