
Таза әрі жайлы орта қалыптастыру – бір күндік науқан емес, күнделікті мәдениет пен ортақ жауапкершілікті талап ететін маңызды іс. Ауладағы тазалықтан бастап, көшені күтіп ұстау, қоқысты белгіленген орынға тастау, жасыл желекті қорғау – қоршаған ортаға деген құрметтің нақты көрінісі.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында Алматы облысында абаттандыру, санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылдың көктеміндегі экологиялық іс-шараларға облыс бойынша 344 мыңнан астам адам қатысып, 700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Осы кезеңде шамамен 60 мың ағаш отырғызылып, 700 гектар аумақ тазартылды, 2 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Өңірдің 2026–2030 жылдарға арналған көгалдандыру жоспарына сәйкес, жыл сайын шамамен 220 мың түп ағаш отырғызу көзделген. Бұл – табиғатты қорғау мен елді мекендерді көркейту бағытындағы ұзақ мерзімді жұмыстың бір бөлігі.
Тазалықтың нәтижесі тек атқарылған жұмыстың көлемімен емес, тұрғындардың күнделікті әдетімен өлшенеді. Өз ауласын таза ұстаған, табиғатты ластамаған, жасыл желекке жанашырлықпен қараған әр адам туған жерінің көркеюіне өз үлесін қосады.
Таза орта – өзімізден басталады. Туған жерді таза ұстау – баршамызға ортақ міндет.

