Сайлау жақындаған сайын көпшілікті «Қай жерде дауыс беремін?», «Қандай партиялар қатысады?», «Құрылтайға қанша депутат сайланады?» деген сұрақтар қызықтыратыны түсінікті. Сондықтан сайлауға дейін осы сұрақтардың жауабын біліп алған артық емес.
23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі – елдегі жаңа заң шығарушы органның құрамын қалыптастыру. Құрылтайға барлығы 145 депутат сайланады.
Ал «Мен қай сайлау учаскесінде дауыс беремін?» деген сұраққа жауапты алдын ала анықтап алған дұрыс. Талғар ауданының тұрғындары өздерінің сайлау учаскесін тұрғылықты жері бойынша тексеріп, сайлаушылар тізіміндегі мәліметтерін нақтылап ала алады. Бұл сайлау күні артық уақыт жоғалтпай, дауыс беруге дайын баруға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды мәселе – сайлауға қатысатын партиялар. Қазіргі таңда Құрылтай сайлауына қатысу үшін 7 саяси партия тіркелген. Олардың арасында «Amanat», «Ақ жол», «Ауыл», «Respublica», Қазақстан Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және «Әділет» партиясы бар. (Казинформ)
Сайлау кезінде әр азамат өз таңдауын жасайды. Сондықтан партиялардың бағдарламаларымен, кандидаттар туралы ақпаратпен алдын ала танысып алған жөн. Әр партияның елдің дамуына қатысты өз ұсыныстары мен көзқарастары бар.
Меніңше, ең маңыздысы – сайлауға немқұрайлы қарамау. Кейде «менің бір дауысымнан не өзгереді?» деген ой болуы мүмкін. Бірақ сайлау дегеніміз – әр азаматтың өз пікірін білдіретін мүмкіндік. Сондықтан өз таңдауымызды жасап, дауыс беру құқығымызды пайдаланғанымыз дұрыс.
Талғар ауданының тұрғындары да 23 тамыздағы сайлауға алдын ала дайындалып, өз сайлау учаскесі мен қажетті ақпаратты біліп алғаны жөн. Ең бастысы – ақпаратты тексеріп, таңдау жасауға асықпай, әр партияның ұсынысын қарап шығу.
Сайлау – бір күндік қана шара емес. Оның нәтижесі елдің алдағы бағытына әсер етеді. Сондықтан әрқайсымыз өз таңдауымызға жауапкершілікпен қарасақ, бұл – қоғам үшін маңызды қадам.
Тимур Қуатов, Талғар аудандық ауруханасы директорының орынбасары

