Сайлау барысы бақылаушылар назарында

 

Сағат 8:00 шамасында аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Солтанқұлов Ахат Әлімжанұлы сайлау учаскесіне келіп, азаматтық борышын өтеп, өз таңдауын жасады. Дауыс беру рәсімінен кейін ол учаскедегі ахуалмен танысып, сайлау барысын бақылаушылардың жұмысын назарға алды.

Ахат Әлімжанұлының айтуынша, сайлау учаскесінде дауыс беру процесі талапқа сай ұйымдастырылып, азаматтардың өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жасауына барлық қажетті жағдай қарастырылған. Учаскеде қоғамдық тәртіп сақталып, сайлау рәсімі бірқалыпты өтіп жатқаны байқалады.

Аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы сайлаушылардың таңғы уақыттан-ақ белсенділік танытып жатқанын атап өтіп, тұрғындарды ел болашағына қатысты маңызды науқанға жауапкершілікпен қарап, өз азаматтық ұстанымын білдіруге шақырды.

Өз сөзінде ол сайлау процесінің ашықтығы мен әділ өтуінің маңыздылығына тоқталып, бақылаушылардың сайлау барысын қадағалап, оның заң талаптарына сәйкес жүргізілуіне ықпал ететінін атап өтті.

Таңмен таласа сайлау учаскесіне жиналған тұрғындар өз азаматтық таңдауын жасап, ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсенді түрде атсалысуда. Әрбір берілген дауыс – азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігі мен өз таңдауына деген сенімінің көрінісі.