Азаматтарға арналған үкімет «100 нақыт қадам – Ұлт жоспарының» 100-ші қадамын толық орындады

Азаматтарға арналған үкімет «100 нақыт қадам – Ұлт жоспарының» 100-ші қадамын толық орындады

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»  КЕ АҚ Алматы облысы бойынша филиалы 3 жылда 10 млн. астам  қызмет көрсетті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Цифрлық сауаттылықты арттыру заман талабы. Осыған байланысты, Талдықорғанда Цифрлық үлгіде халыққа қызмет көрсету орталығы  қызмет етуде. Онда мемлекеттік қызметтер толықтай автоматты түрде ұсынылады.

«Бүгінде біз мемлекеттік қызметтерді алу үшін барынша қолайлы жағдай жасап, оларды оңтайландырып, автоматтандыру мүмкіндіктерін қолданудамыз. Онда тұрғындарды оқыту сыныптары мен өз-өзіне қызмет көрсету секторы ұйымдастырылған. Азаматтар бұл жерде электронды үкімет порталымен өз бетінше жұмыс істеуді үйрене алады. Портал арқылы тұрғындар  электрондық анықтамаларды алып, баланы балабақша кезегіне қойып, айыппұлдар мен баж салықтарын төлей алады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба болуы керек», – дейді Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»  Алматы облысы бойынша филиал   директорының орынбасары Ілияс Белгібаев.

Филиал қызметкерлері, сонымен қатар telegram қосымшасындағы egovkzbot артықшылықтар туралы айтып берді. Оның көмегімен 25 мемлекеттік қызмет пен сервис, соның ішінде кең таралған 7 анықтама, әлеуметтік мәртебені тексеру мен базалық зейнетақы төлемінің көлемі туралы ақпарат алу, емханаға тіркелу, дәрігерге жазылу және дәрігерді үйге шақырту, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚО) кезекті брондау сияқты қызметтер қолжетімді. Сондай-ақ енді баланың туу туралы куәлігіне телеграм-бот арқылы тапсырыс беруге болады. Бұл қызметтерді алу үшін облыс тұрғындары мобильді азаматтар базасында тіркелуі керек. Бүгінде бұл дерекқорға облыс бойынша 180 мың адам тіркелген.

ХҚО жоқ шалғайдағы шағын елдімекен тұрғындары үшін мемлекеттік корпорация қызметкерлері көшпелі ХҚО ұйымдастырып, керекті мемлекеттік қызметтерді көрсетіп тұрады.

«Шалғайдағы ауыл тұрғындары уақыты мен қаражатын үнемдеу мақсатында, біздің қызметкерлер қажетті жабдықтармен ауыл-аймаққа шығып тұрады. Шығу кестесі тоқсан сайын  аудандық әкімшілікпен бірлесіп құрылып, жергілікті БАҚ-та жарияланып отырады», – деді Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»  Алматы облысы бойынша филиал   директорының орынбасары Еркенов Ержан.

Қазіргі кезде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалында 1600-ден астам адам жұмыс істейді, онын 3 %  мүмкіндігі шектеулі жандар.

Жыл басында мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызметтердің ISO 9000 сериялы халықаралық сертификаттауынан өтіп, өзінің басты құндылығы ретінде «Саналы қызмет- сапалы нәтиже» қағидасын («Sanaly qyzmet — sapaly natije»), «SANA» (senim, ashyqtyq, abyroi, nàtije) сандық мәдениет кодын жариялады.

Осылайша, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдерін құру және сапа менеджменті стандарттарына сәйкестікке халықаралық деңгейдегі сертификаттаудан өтуді жүктеген «100 нақыт қадам – Ұлт жоспарының» 100-ші қадамын толық орындады деуге негіз бар.

Айта кетейік, корпорация құрылғалы бері 3 жылдың ішінде облыс тұрғындары 1,2 млн электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеген.

Талғар-ақпарат