Көңілді кеш сыйлады

Көңілді кеш сыйлады

Көңілдерге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы да 8  наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі келіп жетті. Бұл — әлемдегі ең асыл жандардың ең жарқын мерекесі. Бір ғасырдан астам уақыт бойы осы мереке дүние жүзінің 80-нен астам елінде, сол секілді Қазақстанда да ерекше аталып келеді. Бұл күн әйелдерге зор құрметпен қарауды қанға сіңдіріп, оларға айрықша ізет көрсету, лайықты деңгейде құттықтау дәстүрі жағымды әдетке айналды. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел-өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерекше. Шындығында, әйел — отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел — бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді қазақ даналығы. Ал Мемлекет басшысы: «Әйел — шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады», — деген болатын. Сонау қиын-қыстау жылдарында елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз.

  

Шуақты мереке қарсаңында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жылдағы дәстүрге сай аналарға арналған тағы бір игілікті шараны өткізді. Аталмыш бөлімнің «Жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үй жағдайында әлеуметтік  көмек көрсету» бөлімшесінің мұрындық болуымен қаламыздағы «Лорд» мейрамханасына қырыққа жуық жалғысбасты аналардың басын қосқан мерекелік кеш өтті. Кең жайылған дастархан басында емен-жарқын әңгіме құрған ақ жаулықты аналарға әнші Жеңіс Қастей, бөлімше қызметкері Үміт Шоран, кішкентай өнерпаздар Әділет Шоран мен Жанерке Сәрсенбайлар тамылжыта ән шырқап, мың бұрала би билеп берді. «Жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үй жағдайында әлеуметтік  көмек көрсету» бөлімшесінің меңгерушісі Зульфанай Базарбаева өз кезегінде құттықтау сөз сөйлеп, жүркежарды жылы лебізін арнап, аналарға мерекелік дастархан жайып, қонақ етіп, жомарттық көрсеткен «Лорд» мейрамханасының басшысы Алихан Алибековке ризашылығын білдіріп, мейрамхана администраторы Светлана Энгельге «Алғыс хатын» табыс етті. Кеш жүргізушісі Гүлбану Бұрымбаева аналарға кезекпе кезек сөз беріп, тілектерді төгілтті. Қуаныштан толқып, ақ тілектерін жаудырған Ирина Зяблова, Валентина Либик, Раиса Якубовскаялар өлең шумақтарын оқып, тамылжыта ән салды. Өздерін құрметке бөлеген аудандық жұмыспе қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандарына алғыстарын жаудырды. Тамаша кеш дастархан басындағы әсем әнге ұласып, бой сергітер бимен аяқталды.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».