Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың
махаббатына бөленген қазақ поэзиясының Хантәңірі – Мұқағали Мақатаевтың туылған күнін барша қазақ елі атап өтуде. Өлмес өнері – өлеңімен жалпақ елінің жүрегіне жол тауып, бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген ұлы перзентінің ұрпаққа ұран болған жырларын елі де ешқашан есінен шығармасы анық. Мұқағали – мәңгілік ғұмыр. Мұқағали – әр жүректе жүрген есім. Кең дүние төсінде жыр болып төгіліп, сыр болып өріліп, ән болып қалықтап, күй болып шарықтап жүрген тұлға. Мынау құлашын жазған, жапырағын жайған жаңа ғасырдың биігінде де ақын жыры еш мәнін, асыл, алтын қасиетін жоғалтпайды. Ұрпақтар жүрегіне ақын есімі берік ұялай береді.
Қаламыздағы ғасырлық тарихы бар Талғар агробизнес жəне менеджмент колледжінің Мəдениет үйінде ақиық ақынның туылған күніне орай «Жырларым, жылдарыммен жалғасыңдар» атты тақырыпта əдеби-сазды кеш өтті. Кеш жүргізушілері сахна пердесін ашқан соң ақын өлеңіне жазылған «Мен деп ойла» əнін жас əнші Азат Алтыбасар тамылжыта орындап берді. Əрі қарай колледждің өнерлі жастары Серік Тұрғынбекұлы-ның «Мұқағали» атты драмалық шығармасынан үзіндіні сахналады. Мұқағалидың рөлін сомдаған Нұргелді Бақберген, қарияны ойнаған Дəурен Бөрібай, милицияны ойнаған Жантөре Əжікеннің өнеріне жиылған қауым тəнті болды. Поэзияға жаны құмар жастар ақын ағаларының жырларын бірінен кейін бірі іліп ала төгілтіп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. «Алатау, Алтай, Атырау» поэмасынан бастап, «Кең дүние төсіңді аш мен келемін!», «Автограф», «Қара өлең», «Қазынам бар», «Пай, пай, өмір», «Сен бе едің?», «Ей, Өмір!», «Махаббат моласы», «Ағажан», «Елім барда», «Дүние жүзі мұсылмандарына хат», «Табиғат», «Дос болам десең», « Өкінбеймін» тағы басқа да өлеңдері өлеңсүйер қауымға ұсынылды. Əсіресе, лирикаға толы «Қарғам-ау» өлеңі мен «Ақ құрбым» өлеңін мəнеріне келтіре, образға ене отырып орындаған Бақытгүл Реймбаева мен Нұрсұлтан Қабимолдановтың шеберліктері де жүректерден орын алды. Сұлу сазды кеште ақын сөзіне жазылған əндерге кезек беріліп отырды. «Аққу қаздар», «Сенің көзің», «Бақыт деген», «Отыздан асып барамын», «Саржайлау» əндерін тамылжыта шырқаған колледж студенттері мен оқытушыларына көптің қошаметі ерекше болды. Əсем əндерді тамаша қойылымдық билерімен əрлеген Ұлжан Дүңгенбаева бастаған студент жастар кештің көркін кіргізді. Болашақ тізгінін ұстар жастардың өнерін тамашалауға
келген кеш қонақтары Қазақ радиосының дикторы Аманжан Еңсебайұлы мен «Шалқар» радиосының Алматы өңірінің басшысы Бақыт Жағыппарұлы, аудандық кітапхананың директоры Махамбет Хармысов, ақын, сазгер
Камнұр Тəлімұлы, ардагер ұстаз Серікбай Бейсенов, Талғар медицина колледжінің директоры Бағжан Құда-баев, «Ақниет» арнайы қоғамдық қызмет көрсету орталығының директоры Тұрлыхан Сұлтановтар ғасыр
ақынның өмір жолынан сыр шертіп, əдеби-сазды кештен алған əсерлерімен бөлісіп, жастардың өнеріне тəнті болып, ризашылықтарын білдірді. Кешті колледж директоры Жақсылық Сатылғанов қорытындылап, өлмей-тұғын артына із қалдырған Мұқағали ақынның жырлары мəңгілік жасай беретінін айтып, жас ұрпақ тəрбие-сінде үлкен орын алар мəні мен мағынасы терең осындай кештердің колледж қабырғасында əлі де жалғасын таба беретінін жеткізді.
Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».