Қармақшыдағы Қаражанов турнирі

Қармақшыдағы Қаражанов турнирі

«Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Сыр бойындағы Қармақшы ауданы жыр сүлейі – Тұрмағанбет Ізтілеуұлының туған жері. Небір батырлар мен билер, балуандар мен ақындар шыққан мекен.

Міне, сол Қармақшы топырағының перзенті, ғұмырының қырық жылдан астам уақытын Қармақшы спортының өсіп-өркендеуіне арнаған, білікті бокс жаттықтырушысы, «Қазақстан Республикасының спортына сіңірген еңбегі үшін» Құрмет медалінің иегері, сол Қармақшы топырағынан Қазақстан жəне Азия құрлығының жеңімпазын дайындаған Қуаныш Қаражанов турниры биыл 8-рет жалауын көтерген еді. Мамыр айының 8-12 күндері Қармақшы кентіндегі спорт мерекесіне Ақтөбе, Байқоңыр, Алматы қаласы мен Қызылорда облысының барлық аудандарынан келген 150-ге жуық боксшылар бес күн бойы шаршы алаң үстінде атой салды. Жарысқа «Дəулет» қорының президенті Жомарт Көшербаев, «Петро-Қазақстан» мұнай компаниясының вице-президенті Болат Көшербаев жəне кəсіпкерлер Рүстем Ахметов, Мұрат Қуанышбаев, облыстық білім бөлімінің спорт маманы Бауыржан Əбенғалиев, Қармақшы аудандық спорт мектебінің директоры, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері Алмат Қодаровтар демеушілік етті.

Міне, осы Қуаныш Қаражанов турниріне Талғар қаласынан да бір топ боксшылар бағын сынауға барған еді. Солардың арасында 46 келі салмақта бақ сынаған №49 мектептің 9-сынып оқушысы Тоқтар Мархабат өзімен бетпе-бет келген Байқоңыр қаласы, Қызылорда жəне Төретам ауылынан келген боксшыларды айқын жеңіспен ұтып, турнир жеңімпазы атанды. Осы турнирде 75 келі салмақта бақ сынаған Л. Масимжанов ақтық айқасқа дейін жақсы ойын өрнегін көрсетті. Ақтық сында осы «Қажымұқан» спорт клубының боксшысы Ж.Алданыштың ұпай санымен жеңіске жетуімен аяқталды. Сөйтіп, осы турнирде жақсы өнер көрсеткен Л.Масимжанов күміс жүлдегер атанып оралды. Ауыр салмақта күш сынасқан тағы бір боксшы, №34 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Талғат Диас Қызылорда, Қармақшы ауданының боксшыларын жеңгенімен, ақтық сында кездескен Байқоңыр қаласының боксшысынан жеңіліс тауып, күміс жүлдені мойнына іліп қайтты. Сөйтіп, Қармақшы ауданының перзенті, бұл күндері Талғар спортына еңбегі сіңген бокс жаттықтырушысы Қуаныш Қаражанов турнирын жерлестері биік деңгейде атап өтті.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ

Талғар-ақпарат