Өткен аптаның аяғында аудандық жасөспірімдер спорт мектебінде Қазақстан Республикасының спорт қайраткері, еңбек сіңірген жаттықты рушысы, бокстан КСРО спорт шебері Есет Малғаждарұлы Нұғыспановты еске алуға арналған турнир болып өтті.
Турнирге Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандарының ең мықты спортшылары қатысып, екі күн бойы ринг үстінде қызу шайқас өткізді. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудандық дене тəрбиесі жəне спорт бөлімінің басшысы Аманжол Нұрманов, аудандық агроөнеркəсіп кешені кəсіподақтарының төрағасы Жарылқасын Шакиев, спорт ардагері Ардақ Сыздықов жəне Есет Нұғыспановтың көзін көрген достары, туыстары сөз сөйлеп, бүкіл спорттық ғұмырын аудан өміріне арнаған абзал жан туралы естеліктер айтты.
Есет Нұғыспанов туралы айта кетсек, ол 1947 жылы Семей облысы, Ақсуат ауылында туып өскен. 1965 жылы Талғар ауылшаруашылығы техникумында оқып жүрген кезінде Қазақстанға еңбегі сіңген бапкер Станислав Балтабековтың қарамағында жаттығып, 1967 жылы Ташкент қаласында өткен «Қайрат» ерікті спорт қоғамының Одақтық Спарткиадасында 75 келі салмақта «чемпион» атанып, Алматы облысының даңқын шығарды. Оқу орнын бітірген соң өзі де аудандық спорт мектебінде шəкірт дайындап, кейін Еңбекшіқазақ жəне Талғар аудандарында спорт басшысы болып, ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен жан болатын. Талантты бапкер 1979 жылы Ташкент қаласында өткен Кеңестер Одағы Спартакиадасына шəкірт дайындап барса, 1980 жылы Мəскеу қаласында өткен Олимпиадаға қонақ болып барып қайтты. Кеудесіне Ы.Алтынсарин, «Дене тəрбиесі мен спортты дамытудағы еңбегі үшін» медальдарын тағып, Қазақстан Спорт министрлігінің сан түрлі марапатына ие болған Есет Нұғыспанов осындай азамат еді.
Талғар ауданының спорт ғұмырнамасына атын алтын əріптермен жазып кеткен Есет Нұғыспанов турнирінде үздік боксшылары көп Еңбекшіқазақ ауданының былғары қолғап шеберлері бас бəйгені иемденсе, Қарасай ауданының спортшылары екінші, ал алаң иелері Талғар жасөспірімдері алғашқы үштікті түйіндеді. Осы турнирде «Ең үздік боксшы» жүлдесі Есік қаласынан келген Андрей Конорин деген 57 келі салмақта өнер көрсеткен боксшыға берілсе, «Үздік техникасы үшін» бəйгесін Талғар қаласының 54 келі салмақта бокстасқан Дəулет Полатұлы алды. Осы турнирде барлық жекпежектерге əділ төрешілік еткен «Ұлттық дəрежедегі төреші» Талғар ауданының «Құрметті азаматы», бокс ардагері Кенжебек Өмірбаев арнайы жүлдемен марапатталды.
Фатима ЕРЖАНОВА
Талғар-ақпарат