Тұздыбастаудың жас өрені

Тұздыбастаудың жас өрені

«Адамның бойындағы бұлжымас баянды нəрсе – өзінің жандүниесіне жас кезінен сіңірген нəрсесі» – деп поляк халқының ұлы педагогы Я.А. Коменский айтпақшы, Тұздыбастау ауылының жас балуаны №31 орта мектептің түлегі Тілеухор Рамазан қаршадай кезінен грекрим күресімен айналысып келе жатқан баланың бірі. «Ұстазы келіссе, шəкірті қанат байлап аспанға ұшады» деген қанатты сөз бар емес пе?! Жас шəкіртін бастауыш сыныпта білім алып жүрген кезінен бастап күрес түріне машықтандырған жаттықтырушы Жетпісбай Ысқақов оған бар білгенін үйретіп бақты. Сегізінші сыныпты бітірген соң Тілеухор Рамазан Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінде 4 жыл тиянақты білім алса, бұл күндері ол Алматы қаласындағы Спорт жəне Туризм Академиясының 3-курс студенті. Грек-рим күресін шебер меңгерген балуан осы наурыз айының 28-30 күндері Шымкент қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 63 келі салмақта қола жүлдегер атанған еді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, ол осы сəуір айының 6-8 күндері Əзербайжанның Баку қаласында өткен Түркі тілдес халықтар универсиадасында шебер күресіп, 63 келі салмақта жүлдегер атанып оралды. Спорттағы ғұмырнамасы енді басталған 20 жасар балуан Тілеухор Рамазанның өзін көрсетер кезі əлі алды.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ

Талғар-ақпарат