Елорданың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында «Астана Балет» театры Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы мəдениет үйінде өнер көрсетті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген концерттің мақсаты алға қойылған маңызды міндеттерін жергілікті көрермендерді ұлттық және әлемдік хореография өнерінің үздік үлгілерімен таныстыру, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірдің коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Екі күнге жоспарланған гастрольдік сапардың алғашқы күні көрермендерге неоклассика шедеврі Джордж Баланчиннің «Серенадасы» мен отандық балетмейстер Мукарам Авахридің «Жусан» спектаклі ұсынылды. Бишілер «Арулар», «Ақ қыз», «Қыз қайың», «Сый-сияпат», «Кербез сұлу», «Балбырауын», «Әсем Қоңыр» шығармалары мен Джордж Баланчиннің «Серенада» балетін орындады. Қос қойылым да мінсіз стиль мен ғажайып хореографиясымен ерекшеленеді.
«Серенада» спектаклі «Астана балет» театрының сахнасында алғаш рет Джордж Баланчин қорының қолдауымен қойылып, хореографтың мәнері мен техникасының стандарттарына сай жасалынған.
Баланчин қойылымында сахна минимализмі басым: қарапайым костюмдер, жеңіл декорациялар. Ең бастысы – музыка мен бидің үндестігі. «Астана Балет» театрының әртістері өздері үшін де тың хореографияда әсем де асқақ биді, пластикалық суреттің нақтылығын паш етіп, неоклассика шедевріне жан бітірді.
Әрбір хореографиялық композиция көрермен қошеметіне бөленді. Ду қол шапалақ соғылды. Әр қимыл соншалық нақты ойластырылған, әрі көркем безендірілген киімдер де, сахнаны сан түске бояған сәулелер де көздің жауын алады.
«Астана Балет» труппасының біздің қалада өнер көрсеткеніне қуаныштымыз. Би техникасы мен динамикасы өте орынды болды. Қаламызда мәдениетті дамыту үшін барлық жағдайлар жасалуда. Осындай тамаша көріністерді өңірімізде жиі көргіміз келеді », — деді қала тұрғыны А. Омарова.
«Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасына енген хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділерінің ұлттық бояуы қанық. Барлық композиция ұлттық дәстүрге бай, сан-қырлы әрі эмоциялық қуаты басым. Ғажап музыка мен қайталанбас көркемдік бейнелер жадыңызда мәңгі сақталып қалары анық. «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы заманауи ұлттық балетті жарқын, екпінді дамып жатқан әрі бірегей құбылыс ретінде тануға мүмкіндік береді.
«Біз Талдықорған қаласына бірінші рет келіп отырмыз. Қойылым көрермен көңіліне жол тартып, жұрттың үмітін ақтадық деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз еліміздің бай салт-дəстүрін бейнелей отырып, өнермен жеткізу. Қазақстан балет өнерінің жоғары деңгейде болуы үшін біз бар күш-жігерімізді салудамыз»,- деді «Астана Балет» театрының мүшесі Анар Дукиева.
10 мамыр күні көрермендерге жол тартатын «A fuego lento» атты келесі балет, асыл махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды кернеген эмоциялық қуат пен алаңдаушылық сезімін сөз етеді. Тәніңіз ерекше күйге түсіп, шаттық сезіміне бөленесіз, ал, ішкі жалын бойыңызды өртеп әкетеді. Ғашық жан үшін күллі әлем сүйіктісінің айналасына тоғысқандай көрінеді, ал, өмірдің мәні тек махаббат деп біледі(музыка — Лало Шифрин, Астор Пьяццолла, Карлос Гардель, Хореограф – Рикардо Амаранте).
Айта кету керек, репертуарының алуан-түрлілігі, орындаушылық деңгейі мен спектакльдердің сахналық безендірілуі арқасында «Астана Балет» театрының шығармашылығы елімізде ғана емес, дүниежүзінде де ерекше қошеметке ие.
Талғар-ақпарат