«Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы, егер денең сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал, егер сау болмаса, онда денді сауықтыру керек» — деп ұлы данышпан Əл-Фараби бабамыз айтпақшы, адам үшін денсаулықтан артық бағалы зат болмаса керек.
Əрбір адам жас кезінен дене тəрбиесімен шұғылданып, салауатты өмір сүруге ұмтылуы шарт. «Спорт – денсаулық кепілі, саулық – байлық негізі» — дегендей, аудандық Жасөспірімдер спорт мектебінде джиу-джитсу күресімен айналысып, осы кездің өзінде-ақ, Қазақстан чемпионаттарында топ жарып, əлемдік бəсекелерде бой көрсете бастаған жас спортшы, он алты жасар балуан Мугдан Джамалдинов есімді бозбала қазір спорт көгінде жарқырай көріне бастаған жас таланттың бірі.
Осыдан бір жыл бұрын Талғар аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы, дзюдо күресінен əлем чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстанның спорт шебері, бапкер – Кемаль Юсупов пен Латиф Юсуповтың қол астына келген Мугдан джиу-джитсу күресімен айналыса бастаған еді. Джиу-джитсу шығыс халықтарының негізін қалаған жапондықтардың дəстүрлі, ұлттық күресі. Бұл Талғар спорт мектебінде былтыр ғана ашылған болатын. Кəнігі жаттықтырушы Кемаль мен Латиф ауыр салмақты, бұрын дзюдо күресімен айналысып жүрген Мугданды осы спорт түріне баули бастады. Ұзын бойлы, ашаңдау денесіндегі бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнап, боз кілем үстінде ұршықша үйіріліп, шапшаң қимылдайтын Мугдан осы спорт түрін де лезде үйреніп алды. Осы жылдың ақпан айында Шучинск қаласында джиу-джитсу күресінен өткен Қазақстан чемпионатында 81 келі салмақта топ жарған Мугдан Джамалдинов Біріккен Араб Əмірлігі өтетін əлем чемпионатына жолдама алған еді. «Алмас кездік қап түбінде жатпас» демекші, осы жылдың 28 ақпан – 6 наурыз күндері Абу-Даби қаласында өткен əлем чемпионатында тамаша өнер көрсетті. Əлемнің сан түрлі мемлекеттерінен іріктеліп келген спортшылар арасында 81 келі салмақта өнер көрсеткен М.Джамалдинов алғашқы белдесулерін Біріккен Араб Əмірлігі, Ресей Федерациясы, Греция елдерінен келген балуандарды айқын жеңіп, жеңіс биіктеріне қарай беттеп келе жатқан болатын. Бірақ, төртінші белдесуінде Израйл мемлекетінен келген спортшыдан жеңіліс тапты да, қола медаль үшін айқасқа Иран елінің күшті, тəжірибелі балуанымен белдесті. Жекпежек оңай болған жоқ. Екеуі арыстанша айқасқан белдесуде қарсыласын ұпай санымен ұтқан талғарлық жас барыс əлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. «Қанат – ұшса қатаяды» – демекші, он алты жасар спортшы, əлі оныншы сыныпта ғана оқитын Мугдан Джамалдиновтен ұстаздары Кемаль мен Латиф Юсуповтер үлкен үміт күтеді.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ
Талғар-ақпарат