
Талғар ауданында жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, сахна мәдениетін қалыптастыруға және әзіл арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлауға бағытталған «Көңілді тапқырлар» лигасының аудандық Жайдарман ойыны өтті.
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Талғар политехникалық колледжінде өткен көңілді сайысқа аудандық іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен үш команда қатысты. Олар – Гүлдала ауылдық округінің «Доллар», Ақдала ауылының «44 KZ» және Талғар қаласының «JuzStar» командалары.
Жайдарман – жастардың тапқырлығы мен әзіл-қалжыңын ғана емес, сахнадағы өзін-өзі ұстау мәдениетін, шығармашылық ізденісін және командалық бірлігін танытатын өнер алаңы. Осы тұрғыдан алғанда, аудандық ойынға қатысқан командалар өздерінің дайындығын жоғары деңгейде көрсете білді.
Көңілді кеш барысында жас жайдарманшылар түрлі тақырыптарды әзілге арқау етіп, көрерменге әсерлі қойылымдар ұсынды. Әр команда өзіндік стилі мен сахналық ерекшелігін танытып, ұтымды әзілдері арқылы залда ерекше көңіл күй қалыптастырды. Қатысушылардың өнерін тамашалаған көрермендер де өз кезегінде командаларға қолдау көрсетіп, қошеметін аямады.

Сайыстың әділ өтуіне қазылар алқасы баға берді. Оның құрамында «Шапалақ» Жайдарман тобының капитаны Серікбай Орынбасар, аталған команданың ойыншысы Мадияр Тұмабаев, Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының басшысы Мөлдір Абатайқызы және аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айбек Жүніс болды.
Қазылар алқасы командалардың әзілдерінің мазмұнына, сахналық шеберлігіне, тапқырлығына, қойылымдардың ерекшелігіне және көрерменмен байланысына назар аударып, өнерлерін саралады.
Аудандық кезеңде өзара тартысты ойын көрсеткен командалар арасынан үздіктер анықталып, облыстық лигада Талғар ауданының намысын қорғауға жолдама алды.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың бойындағы өнер мен шығармашылық қабілетті дамытуда Жайдарман ойындарының маңызы зор. Мұндай сайыстар жас буынға өз ойын еркін жеткізуге, көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін арттыруға және достық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді.
Талғар төріндегі кезекті Жайдарман ойыны да жастардың белсенділігі мен өнерге деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті. Ал облыстық кезеңге жолдама алған командаларға алдағы ойындарда сәттілік тілейміз!
Г.Тұрсынқожа






