Мемлекеттік қызмет – абырой мен жауапкершілік өлшемі

Мемлекеттік қызмет – абырой мен жауапкершілік өлшемі

Мемлекеттік қызмет – елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ететін аса маңызды салалардың бірі. Бұл салада қызмет атқару үлкен жауапкершілікпен қатар, қоғамның сенімін ақтауды талап етеді. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің кәсіби беделімен бірге оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау да маңызды қоғамдық құндылық болып саналады.

Мемлекеттік қызметші – мемлекет пен халық арасындағы байланысты қамтамасыз ететін тұлға. Оның күнделікті еңбегі мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына тікелей ықпал етеді. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілермен қарым-қатынаста әдептілік пен өзара құрмет қағидаларын сақтау – әр азаматтың мәдениеті мен құқықтық санасының көрсеткіші.

Адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті – заңмен қорғалатын басты құндылықтардың бірі. Мемлекеттік қызметшіні қорлау, кемсіту, оның кәсіби немесе жеке беделіне нұқсан келтіру тек белгілі бір азаматқа ғана емес, мемлекеттік қызмет институтының абыройына да кері әсерін тигізеді. Қоғамда заңдылық пен өзара сыйластық орныққан кезде ғана мемлекеттік органдарға деген сенім нығая түседі.

Бұл ретте қызметтік ортадағы моральдық-психологиялық ахуалдың маңызы ерекше. Мемлекеттік органдағы әрбір қызметкер өз міндетін сапалы орындаумен қатар, әріптестерімен сыйластық қарым-қатынас орнатып, қызметтік әдеп талаптарын сақтауы тиіс. Әділдік, жауапкершілік, мәдениеттілік және кәсібилік ұжымның берекелі жұмысына тікелей ықпал етеді.

Қолайлы психологиялық орта қалыптасқан ұжымда еңбек өнімділігі де жоғары болады. Бір-біріне сенім білдіріп, пікірін құрметтей білетін қызметкерлер ортақ мақсатқа жұмыла отырып, азаматтарға сапалы әрі тиімді мемлекеттік қызмет көрсетуге мүмкіндік алады. Сондықтан қызметтік әдепті сақтау – тек талап емес, мемлекеттік қызметтің сапасын арттырудың маңызды тетігі.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет саласында әдеп нормаларын сақтау, құқықтық мәдениетті арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігін күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түсіндіру кездесулері, семинарлар мен түрлі тәрбиелік іс-шаралар осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметшінің беделі – бір адамның ғана емес, тұтас мемлекеттік қызмет жүйесінің беделі. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі мемлекеттік қызметшілермен қарым-қатынаста заң талаптарын сақтап, әдептілік пен өзара құрметті басты орынға қоюы қажет. Өз кезегінде мемлекеттік қызметшілер де халықпен ашық, сыпайы әрі адал қарым-қатынас орнатып, өз қызметінің жоғары мәртебесіне сай болуы тиіс.

Әділдік пен заңдылық, құрмет пен жауапкершілік қатар орныққан қоғам ғана тұрақты әрі өркениетті бола алады. Мемлекеттік қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау – осы ортақ құндылықтарды нығайтудың бір бағыты.

Ендеше, мемлекеттік қызметке деген құрмет – мемлекетке деген құрмет. Ал мемлекеттік қызметшінің абыройын сақтау – қоғамдағы өзара сенім мен мәдениеттілікті қалыптастыруға қосылған ортақ үлес.

Меруерт МУБАРАКОВА,