
Қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылық, әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың бірі ретінде Талғар ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған маңызды семинар өтті.
Іс-шара Талғар ауданы жастар орталығының базасында Талғар ауданының ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы мен «Іле мұрагер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді. «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбындағы семинарға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар, қоғам белсенділері және аудан тұрғындары қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың құқықтық санасын арттыру, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілікті нығайту, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету тетіктері туралы кеңінен ақпарат беру болды.
Семинар жұмысына Талғар ауданы полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Қасымбекова Арай және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы, тәжірибелі психолог Таипова Зульфия қатысты.
Қасымбекова Арай өз баяндамасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатқа тоқталып, заң талаптары мен құқықтық жауапкершілік мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар ол зорлық-зомбылықтың кез келген түріне бейжай қарамаудың маңыздылығын атап өтіп, құқықтары бұзылған жағдайда азаматтардың қайда жүгінуі керектігі, қандай мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылғаны және құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы қызметі жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Психолог Таипова Зульфия өз сөзінде зорлық-зомбылықтың адам психикасына, әсіресе балалар мен әйелдердің эмоционалдық жағдайына тигізетін ұзақ мерзімді салдарына ерекше назар аударды. Ол отбасы ішіндегі сенім мен ашық қарым-қатынастың маңызын атап өтіп, жанжалдың алдын алу, эмоцияларды басқару, күйзелістен шығу жолдары және психологиялық көмекке уақытылы жүгінудің қажеттілігі жөнінде құнды кеңестерімен бөлісті.
Семинар барысында қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі жан-жақты жауаптар алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесу қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға, тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеруге және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар «Жанұя» отбасын қолдау орталығының мамандарына арналған арнайы оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинар барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларына кәсіби тұрғыдан ден қою тәртібі, жәбірленушілерді қабылдау және олармен дұрыс қарым-қатынас орнату, алғашқы психологиялық қолдау көрсету, қауіп-қатер деңгейін бағалау, сондай-ақ азаматтарды құқық қорғау органдарына, әлеуметтік және медициналық қызметтерге бағыттау алгоритмдері жан-жақты түсіндірілді. Мамандар нақты тәжірибелік жағдайларды талқылап, мұндай оқиғалар кезінде кәсіби этиканы сақтау, құпиялылық қағидаттарын ұстану және мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимыл жасау мәселелеріне ерекше назар аударды. Мұндай шаралар қызметкердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға уақытылы әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру ұйымдарының, психологтар мен құқық қорғау саласы мамандарының бірлескен жұмысы ғана қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.
Осындай ақпараттық-ағартушылық кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамда өзара құрмет, жауапкершілік және адам құқықтарын қадірлеу мәдениетін нығайтуға қызмет етеді. Әрбір азамат зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы тұрып, заң талаптарын сақтауға және қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетуге атсалысқанда ғана қауіпсіз әрі берекелі қоғам құруға болады.
«Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» – бұл жай ғана ұран емес. Бұл – әрбір адамның өмірі мен денсаулығын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған қоғамның ортақ ұстанымы. Қауіпсіз отбасы – берік мемлекеттің негізі, ал зорлық-зомбылықсыз қоғам – елдің жарқын болашағының кепілі.


