
«AMANAT» партиясы Талғар аудандық филиалына қарасты «Қайнар» бастауыш партия ұйымы 2023–2026 жылдар аралығында партияның бағдарламалық міндеттерін іске асыру, халықпен тиімді байланыс орнату және ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу бағытында жүйелі жұмыстар атқарды. Есепті кезеңде ұйым қызметі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға және партиялық жобаларды тиімді жүзеге асыруға бағытталды.
Бүгінде «Қайнар» бастауыш партия ұйымының құрамында 623 партия мүшесі бар. Ұйым құрамына жеті мектеп, пошта бөлімшесі мен амбулатория ұжымдары кіреді. Партия қатарына жаңа мүшелер қабылдау жұмыстары тұрақты жүргізіліп, партия мүшелерінің қоғамдық-саяси белсенділігі артып келеді.
Есепті кезеңде сайлау науқандарына белсенді қатысу арқылы партия беделін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілді. 2024 жылғы Қайнар ауылдық округі әкімінің сайлауында партия қолдауымен ұсынылған кандидат Нұрбол Ерікұлы Есенбаев тұрғындардың 93,31 пайыз дауысын жинап, ауыл әкімі болып сайланды.
«Қайнар» БПҰ қамтитын Қайнар, Еркін, Жаңалық, Сақтан, Жалқамыс, Еламан және Тереңқара ауылдарында әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлінді. Қоғамдық қабылдаулар өткізіліп, тұрғындардың өтініштері тұрақты бақылауға алынды.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен Жол картасы аясында өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Жалқамыс пен Еламан ауылдарына газ құбыры тартылып, 600 орындық үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 60 бейнебақылау камерасы орнатылып, екі медициналық нысан ашылды. Бес ауылды байланыстыратын көпір жөнделіп, 33 шақырым жолға асфальт төселді. Төрт елді мекенде дабыл беру жүйесі іске қосылды.
Халықпен кері байланыс орнату бағытында қоғамдық қабылдаулар тұрақты ұйымдастырылды. Есепті кезеңде 105 өтініш қабылданып, оның 96-сы оң шешімін тапты. Тұрғындар негізінен әлеуметтік көмек, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және еңбек мәселелері бойынша жүгінді.
Мәслихат депутаттары да халықпен тұрақты байланыс орнатып, 24 қоғамдық қабылдау өткізіп, 170 азаматпен кездесу ұйымдастырды. Нәтижесінде 149 мәселенің оң шешілуіне ықпал жасалды.
Партиялық бақылау жұмыстары да жүйелі жүргізілді. Төрт нысанда партиялық бақылау бекеттері құрылып, нәтижесінде Жаңалық ауылындағы №27 мектеп, Жалқамыс ауылындағы №43 мектеп және Айғаным ауылындағы №50 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, сауда орындары мен әлеуметтік нысандарда 73 мониторинг өткізілді.
Әлеуметтік жобалар аясында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы 1050 азамат қаржылық сауаттылық бойынша оқытылып, 18 азамат кәсіп ашуға мүмкіндік алды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 30 миллион теңгеден астам қаражатқа шағын несиелер берілді. Ал «Жастар рухы» жобасы бойынша жастарды қолдау бағытында түрлі іс-шаралар өткізілді.
«Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра», «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» жобалары шеңберінде жүздеген іс-шара ұйымдастырылып, әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылды. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету бағытында 120 тонна көмір жеткізіліп, балаларға қажетті оқу құралдарын алуға қолдау көрсетілді.
Ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында БАҚ-пен байланыс күшейтілді. Есепті кезеңде партия қызметі туралы материалдар республикалық және жергілікті деңгейдегі ақпарат құралдарында жарияланып, интернет кеңістігінде 350 материал жарық көрді.
«Қайнар» бастауыш партия ұйымының басты нәтижесі – өткізілген іс-шаралар саны емес, тұрғындардың шешімін тапқан мәселелері мен партияға деген сенімінің артуы. Алдағы уақытта да халықпен тығыз байланыс орнатып, өңірдің дамуына бағытталған жұмыстар жалғасын табады.

