ЖЕТІСУДІҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ

ЖЕТІСУДІҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ

Талғар аудандық кітапханасында өткен бұл кеш қазақ əдебиетінің қос жұлдызы Мұқағали Мақатаев пен Есенқұл Жақыпбектей ақын ағаларымызға арналды. Кешке қатысқан ақын, сазгер, Талғар ауданының Құрметті азаматы Камнұр Тəлімұлы, айтыскер ақын Даубай Əбдісайып, М.Мақатаевтың туысы Мұхтархан Қалиұлы, М.Мақатаевтың жерлестері ақын Бексұлтан Көлбаев пен хирург-дəрігер Төлеубай Айнабеков, Қызыл-Қайрат ауылының Мəдениет үйінің директоры Кеңес Баймұхановтар қос ақынның өмір жолы туралы естіп, білгендерімен бөлісіп отырды. Кешті ұйымдастырып, жүргізіп отырған кітапхана əдіскері Ризвангүл Токарзаева жетісулық қос ақынның туған күндерінің қатар келіп отырғанын айта келіп, əңгімені алдымен ақиық ақын Мұқағали туралы өрбітті.

Кеш шымылдығы сахна төріне қойылған экран арқылы ұсынылған ақынның өлеңіне жазылған «Туған күн» əнімен ашылды. «Мұқым елдің мұзбалағы» атты бейне роликке назар қойған оқырмандар ақын жайлы мол мағлұмат алды. Содан кейін кеш қонақтары Мұхтархан Қалиұлы мен Бексұлтан Көлбаев мұзбалақ ақын туралы естеліктерін айтып, ақын ағаларына арнаған жыр шумақтарын төгілте оқып берді. Ақын ағаларының арнау өлеңдерін Талғар балалар музыка мектебінің «Дəстүрлі əн» тобының оқушылары Айсұлу Көмекбай мен Нұргелді Макеновтер Мұқағалидің сөзіне жазылған əуезді əндерімен жалғастырды. Аудандық
Мəдениет үйінің əншісі Натхан Манай «Қазағым-ай» əнін орындап берді. Кезек ақын өлеңдеріне де келіп жетті. Талғар политехникалық колледжінің студентері Гүлім Ақанова мен Үміт Қонаровалар «Досыма хат», «Болады деп арманда» өлеңдерін мəнерлеп оқып берді. Кеш қонағы зейнеткер кітапханашы Разихан Ырғымбаева адамзаттың рухани байлығы саналатын кітапхананың бүгінгі ұрпақ тəрбиесіндегі рөліне тоқтала келіп, ақиық ақын туралы да сыр шертіп өтті. Разихан апамыздың немересі Аделя Өміртай Мұқағалидың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді оқыды.

Əрі қарай əсерлі кеш айтыскер-ақын Есенқұл Жақыпбек туралы əңгімелермен жалғасты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент стипендиясының, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, оннан аса кітаптың авторы болған Есенқұл ағамыз туралы кеш қонақтары жергілікті ақын Камнұр Тəлімұлы мен айтыскер, ақын Даубай Əбдісайып əңгімелеп берді. Ақынның адамгершілік қасиеті мен қарапайымдылығы, сөзге шеберлігін тілге тиек еткен ақындар оның өлең жазудағы стилінің ерекшелігін, əрбір өлеңінің астарындағы сырды ақтарып бергендей болды. Аудандық Мəдениет үйінің əншісі Гүлина Дəлелхан ақын сөзіне жазылған «Өзіңді аңсап» əнін орындаса, Лаура Қынтаева өзіндік тарихы бар «Алдайау» əнін тамылжыта шырқады. Талғар балалар музыка мектебінің «Дəстүрлі əн» тобының ұстазы Ермек Рақымбай «Біздің елдің жігіттері» əнін көпшілікке тарту етті. Сахна төріне қойылған экраннан Есенқұл ағамыздың өмірінің соңғы сəттерін бейнелейтін бейнефильм көрсетілді. Жетісудың қос жұлдызының туылған күндеріне арналған кешті кітапхана директоры Махамбет Хармысов қорытындылады.

Перизат НҰРҚАЕВА

«Талғар-ақпарат»