Талдықорғанда облыстық газеттердің 100 жылдық мерейтойы тойланбақ

Талдықорғанда облыстық газеттердің 100 жылдық мерейтойы тойланбақ

Облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің басылымдарына биыл 100 жыл толып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында белгілі болды, — деп хабарлайды Талғар-ақпарат. 

Қос басылым алдағы уақытта Алматы облысы әкімінің қолдауымен мерекелік іс-шаралар өткізуді жоспарлауда. Атап айтсақ,  облыстағы 3 қала, 16 аудан оқырмандарымен кездесу, Республикалық жазба ақындар мүшәйрасы, оқушы ақындар айтысы, спорттық ойындардан жарыстар. Сонымен қатар, мерейтой күні ғылыми-практикалық конференция өткізіледі.

Өз кезегінде  облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Додабайұлы сөз алды:

– Ата басылымымыз қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі деп нық сеніммен айта аламын. Біздің газетте сөз зергері Ілияс Жансүгіровте жұмыс атқарған.  Газеттің тарихы, естеліктер мен қызмет еткен қаламгерлердің шығармашылығы топтастырылған «Ғасыр ғұмыр» атты кітап шығару жоспарда бар, — деді ол.

«Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов те ғасыр қойнауынан мол мағұлымат ұсынып, аты орысша болғанмен, заты ұлттық құндылықтардан құралған көне басылымның артықшылықтарын сөз етті.

— Осы уақытқа дейін 42 редактор басшылық етті. Әр жылдары түрлі атаумен оқырманға жол тартқан газет 1964 жылдан бастап «Огин Алатау» атауына ие болды. Басылым орыс тілінде жарық көргенімен атамұра мен ұлттық құндылықтарты құнттап, салт-дәстүрді насихаттап, мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатуда жемісті еңбек етіп келе жатыр, — деп қосты ол.

Сонымен қатар, «Огни Алатау» газетінің саны 200 мыңға жеткенің және екі газеттің де «Алтын жұлдыз», «Алтын самұрық» сыйлықтары сынды марапаттарға ие болғандығын тілге тиек етті.

Сондай-ақ жиында, қос газеттің тарихы мен бүгінгі тынысы жайлы деректі фильм түсіру келешектің еншісінде екенін айтты.

Талғар-ақпарат