Таза Қазақстан

Таза Қазақстан

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде  «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы», – деген болатын.

«Алматы облыстық білім басқармасының Талғар  ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№25 мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтаудың мәселелері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Иверсен Моника, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Самек Властимил, Алматыдағы ЮНЕСКО аймақтық кеңесінің директоры, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан бойынша өкілі Пирич Әмір Фазлиұлы, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Қарақалпақ бөлімшесі президиумының төрағасы А.М. Реймов қонақ болды.

Қонақтар Орталық Азия елдерінің сирек және эндемикалық өсімдіктері, олардың экожүйедегі рөлі, сондай-ақ биоалуантүрлілікті сақтаудағы елдер арасындағы ынтымақтастық туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Сонымен қатар ботаникалық бақтардың тарихы, экологиялық ағарту және ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы маңызы талқыланды.

Шара Алматы мемлекеттік табиғи қорығының директоры Д.Абілғаниевтің бастамасымен жүзеге асты.  Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық негізінде Орталық Азия аймағындағы биоалуантүрлілікті сақтау мен зерттеу бойынша бірлескен жұмысты дамыту болды. Конференцияны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Гаухар Әкімбек, Матан Галима, педагог-ұйымдастырушы Альбина Докабай ұйымдастырды.

Шараға Германия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан елдерінен келген биолог және геолог профессорлар, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференция барысында келген қонақтар мектеп ұжымымен және оқушылармен танысып, 10 «А» және 10 «Ә» сыныптарының білім алушыларымен бірге мектеп ауласында 15 түп балқарағай ағашын отырғызды. Бұл экологиялық бастама оқушылардың табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталды.

Мектебіміздің биология пәні мұғалімі Сманқұл Аружан Қайсарқызы қазақ, орыс, түрік және ағылшын тілдерінде ашық сабақ өткізіп, оған қатысқан қонақтар мен оқушылар арасында қызықты пікір алмасу өрбіді. Сабақтың  соңында Германия елінен келген U. Pietzarka мырза «The Tharandt Forest Botanical Garden» тақырыбында дәріс өткізіп, тәжірбиесімен бөлісті.

Кездесу өте әсерлі әрі танымдық сипатта өтті. Мектеп директоры Курманбаева Ляззат Сериковна алдағы уақытта осындай бірлескен іс-шараларды жиі өткізуге ниетті екенін жеткізді.

Гауһар Түрсынқожа

 

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Г.Әкімбек

Г.Матан

Педагог ұйымдастырушы:   А.Докабай