19 сауда орны жойылды

Жаз мезгілі бастала салысымен рұқсат етілмеген жерлерде жеміс-жидектің саудасы қызады. Әсіресе, пісетін уақыты болмаса тізіле самсап тұрған қауын-қарбыз көздің жауын алады.   Елімізде қауын-қарбыз өндірісі жөнінен Сыр өңірі алдыңғы қатарда келеді. Әлі де сондай деңгейден төмен түсе қойған жоқ. Дария бойындағы диқандар жылма-жыл 10 мың гектарға жуық бақша дақылдарын егеді. Олардың арасында қауынның қара күләбі, әміре, әңгелек, қаласиан деген сорттары бар. Қарбыздың да бірнеше түрі кездеседі. Алайда, егіс егуді ертеден кәсіп еткен кісілердің айтуынша, баяғыдай молынан жинайтын өнім жоқ. Сондықтан қазіргі күні жаңа сорттарды шығарудың маңызы артып тұр. Ерте піскен өнімді сатуға келгенде оның  қауіпсіз екенін айтып, өткізуге тырысады. Шынымен де қауіпсіз бе? Мамандар не дейді?

 

  • Жаз маусымы — сыртқы ортада патогендер тағам мен су арқылы көбейіп, тамақтан улану фактілері жиілейтін уақыт. Себебі көшеде, сауда орындарында тез бұзылатын тағамдар мен көкөністер, жеміс-жидек, қауын-қарбыз секілді бақша өнімдері көп сатылады. Жазғы кафелердің жұмысы күшейеді. Ал ерте піскен өнімдерде нитрат көп болуы мүмкін. Мәселен, топырақта нитраттың мөлшері көп болса өңделмейді, ол өнімнің бойына жиналады. Егер нитрат адам ағзасына түсетін болса, асқазан мен ішек жолын зақымдайды. Нитрат азот қышқылының тұзын нитриттерге айналдырып, ағзаны улайды. Ал нитриттер гемоглобинмен әрекеттесіп, метгемоглобин қалыптастырады. Бұл тыныс  алу жүйесін зақымдайды. Нитраттардың ең үлкен концентрациясы  көкөністерде, әсіресе олардың жапырақтарында, тамырында болады. Қарбыз ав­то­көліктерден шығатын улы газ­ды бірнеше сағаттың ішінде өздеріне сіңіріп алады екен. Бұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына соқтыруы әбден мүмкін.Сондай-ақ тұрғындар қауын-қарбызды шілде айының соңы мен тамыз айында сатып алғаны жөн. Бұл өнімнің нағыз пісетін уақыты.Сондықтан ерте піскен өнімді абайлап тұтынған жөн, —  дейді  СЭҚБ мамандары.

 

Аурулардың алдын алу мақсатында Талғар ауданында көше саудасына қатысты бақылау шаралары күшейтіліп жатыр. Жуырда сондай рейдтік шара ұйымдастырылып, жабайы сауда орындарына тексеру жұмыстары жүргізілді. «Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас» және Құлжа автожолдарының бойында рұқсат етілмеген сауда нүктелері анықталып, ескерту жасалып, жойылды. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі, аудандық прокуратура, мемлекеттік кірістер департаменті, жергілікті полиция қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері болған жұмыс тобы түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізді. Рейд нәтижесінде ӘҚБтК 204 және 505 баптары бойынша 3 айыппұл салынып, 15 ескерту берілді. 19 сауда орны жойылды. Кеңдала мен Панфилов ауылдық округінің белгіленген сауда орындарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек, халықтың тұтынушылық сауаттылығын арттыру мақсатында қала базарларында ақпараттық акциялар өткізіліп, парақшалар таратылды.

 

М.Бөлек