Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Атаулы жылдың нәтижелі болуына бағытталған іс-шаралар легі Талғар ауданында басталып кетті. Соның бірі — жуырда Талғар политехникалық колледжінде өткен дөңгелек үстел. Іс-шараның мақсаты ел экономикасы үшін өзекті саналатын жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы мен жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау болды.
Бірнеше тақырыптар бойынша өткен іс-шарада барлық мүдделі азаматтардың күш-жігерін біріктіру, еңбек адамының беделін нығайту және әлеуметтік әділдік құндылықтарын ілгерілету бойынша талқылаулар өтті. Басқосуға қатысқан қонақтар да кез келген еңбек – қадірлі екенін және соны қоғам санасына сіңіру қажет екенін жеткізе білді. Атап айтқанда, Политехникалық колледж директоры Б.Калыкова, директордың оқу-өндіріс жөніндегі орынбасары Г.Сарсекова, Алматы облысы бойынша кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбаслас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Ә.Талғатбекұлы, Алматы облысы бойынша Туризм салалық кеңесінің төрағасы С.Искаков, «Biliminvest» қауымдастығының төрайымы К.Батырбекова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры А.Қалжанов, аудандық «Мансап» орталығының директоры А.Рахимбаев, «Мансап» орталығының кәсіптік білім беру маманы А.Махатова, тағы басқа мамандар өзекті ойларын ортаға салып, кәсіптік-техникалық білім беруді реформалау экономикалық өсуді қамтамасыз етудің маңызды факторы екенін алға тартты. Әр сөйлеуші сөзінің түйіні — әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқарғанда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады деген месседжде болды.
Айта кетелік, Президент тапсырмасына орай, жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында Үкімет жұмысшы мамандықтарының жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарды мен кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасын бекітті.
#жұмысшымамандықтаржылы #президенттапсырмасы #годрабочихпрофессии