ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – ҚОҒАМ НАЗАРЫНДА

ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – ҚОҒАМ НАЗАРЫНДА

«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» акциясы аясындағы кезекті іс-шара  аудандық Аналар кеңесі және «Қоғамдық келісім және даму орталығының» ұйытқы болуымен  өткізілді. «Зорлықсыз қоғам – жарқын болашақ кепілі» атты дөңгелек үстелге Талғар АПБ ЖПҚБ ӘЗЗҚТ аға инспекторы, полиция майоры А. Қасымбекова және «Жанұя» отбасын қолдау орталығының мамандары қатысты.

Шараның мақсаты – зорлық-зомбылықтың алдын алып, әлеуметтік психологиялық және құқықтық қолдау көрсету. Қоғамда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты азайтып, гендерлік теңдікке қол жеткізу және зорлық-зомбылықтың зиянын түсіндіру.

Алдымен сөз алған аудандық «Қоғамдық келісім және даму орталығының» директоры Жұмағыз Бұтабаева бүгінгі таңда ана мен балаға жасалатын қысым мен зорлықтың азаймай тұрғанын, бар ауыртпалық аналардың мойнына артылып, шарасыз халге түскен нәзік жандылар түрлі қайғылы жағдайларға тап болатынын жасырмады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ұйымдастырылып отырған науқанға барша халық қолдау білдіруі керек екенін де айтты. Сонымен қатар сәбилерімізде бақытты балалық шақ болғанда ғана көркем болашақ болатынын жеткізді.

Жиын­да полиция майоры Арай Қа­сымбекова әйел­дердің көбі өз құ­қы­ғы­на қатысты қолда­ныс­тағы заңнамалар жайлы біле бер­мей­тінін айтып, еліміз­де әйел­дердің таяқ­қа жығылып, құқық­тары­ның аяққа тапталуы секілді заңсыз­дықтардың белең алғаны­на алаңдаушылығын білдірді. Сондай-ақ Қонаев қаласындағы дағдарыс орталығы туралы ақпарат берді. Зорлық-зомбылықтың   физикалық, психологиялық, экономикалық және сексуалдық түрлері туралы бөлісіп, оны болдырмау жолдарын ұсынды. Ал «Жанұ»я отбасын қолдау орталығының маманы Мәншүк Айтқожақова  отбасы инс­титутын нығайтуға қатысты өзекті пікірін білдірді. Шараға қатысушылар арнайы шақырылған мамандарға сұрақтарын қойып, көзқарастарын білдірді.

    Акция барысында қатысушыларға қорқыту, кемсіту және зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде кеңестер берілді. Бұл науқан қоғам мүшелерінің назарын зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағыттауға және қоғамда мұндай қылмыстарды болдырмауға атсалысу қажеттігін тағы да бір ескертті.

Зорагүл Әбдіқадір