16 КҮН – ОРТАҚ МАҚСАТ

16 КҮН – ОРТАҚ МАҚСАТ

Қазақстанда «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенділік» акциясы басталды. Акцияның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Науқан жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.

Талғар аудандық құқық қорғау органдары да қоғамда отбасы құндылығын насихаттауға бағытталған іс-шара легін бастап кетті. Республикалық деңгейдегі акция туралы халыққа кеңінен таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. 16 күндік акция аясында аудан тұрғындарын ақпараттандырып, кездесулер өткізіп, халық көп шоғырланған жерлерге арнайы жадынамалар таратуды бастаған полиция қызметкерлері бұл ауқымды шараға қоғамның әр мүшесінің белсенді қатысуын жеткізді. Әр азамат зорлық-зомбылықты болдырмауға үлес қоса алатындығын және қандай да бір қиындыққа тап болса арнайы қызметтерден көмек сұрай алатындығын айтып өтті.

Акцияға үкіметтік емес ұйымдардың дағдарыс орталықтары да белсенді атсалысуда. Атап айтсақ, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы өз алаңында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдармен отбасылық-тұрмыстық қатынастардың құқықтық мәселелеріне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Айгүл ҚАПАСҚЫЗЫ, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры:

– Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбіне әлсіз балалар мен әйелдер қауымы ұшырайды. Сол үшін іс-шарамыздың басым көпшілігіне жастарды қатыстыруды жоспарладық. Акция басталғаннан бері ауданымызға қарасты №44, №19 орта мектептерде оқушылармен кездесіп, ақпараттандырдық. Сондай-ақ колледж студенттерін де қатыстыру жоспарымызда бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыру, отбасының рөлін күшейту мақсатын[1]ағы акцияның халыққа берері мол деп ойлаймын.

Арай ҚАСЫМБЕКОВА, Талғар АПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы:

– Бұл акция зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша жыл бойына жүргізілетін жұмыстардың қорытындысы десек те болады. 16 күн ішінде түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның алғашқысы «Ана мен баланы қолдау және қорғау» тақырыбында өткізіп жатырмыз. Акция барысында қоғамдық лекциялар, жергілікті ұйымдардың, жастардың қатысуымен дөңгелек үстелдер, челлендждер қарастырылған.

Акцияның негізгі мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамда отбасының рөлін нығайту, зорлық-зомбылық жасауға бейімді адамдармен жеке-профилактикалық жұмысты жүзеге асыру, азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы профилактикалық жұмыстардың алдын алу бойынша өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын жарлықпен бекітті. Соған байланысты кейбір заңға енгізілген өзгерістер маусым айының 15-інен бастап заңды күшіне енді. Бәріміздің бірлескен жұмысымыз ғана қылмыс санын азайтуға және әйелдер үшін қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік беретінін ескерсек бұл акция бүкіл қоғамның белсенді қатысуын талап етеді.

 

М.Бөлек