Киелі Талғар жері көркі көз сүріндіретін сұлу табиғатымен ғана емес, талантты ұл-қыздарымен де әйгілі. Олар шыққан шыңдар, бағындырған биіктер – қашан да әңгімеміздің арқауы. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз грек-рим күресінің жеңімпазы – Алихан Кокенов. Шілде айының басында Испанияның Мадрид қаласында грек-рим күресінен халықаралық турнир өтті. Бұл додада Тұздыбастау ауылындағы «Қанат» спорт кешенінің шәкірті Алихан Кокенов 77 кг салмақ дәрежесі бойынша 1-орын алып чемпион атанса, Дінмұхамед Омаров 3-ші орын иеленіп, жүлдегер атанды. Сонымен қатар Алихан Кокенов халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды. Абыройын асқақтатқан турнирде Алихан азулы қарсыласынан айласын асырды. 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола медаль иегері, үш дүркін әлем чемпионы атанған Египет балуаны Елсайд Ибрахимның жауырынын жер иіскетті. Бір емес бес бірдей қарсыласын қапы қалдырған ол қазақ жігіттерінің білекті де жүректі екенін паш етті. Олимпиада жүлдегерін жеңген жігіт Париж қаласында өтіп атқан Олимпиада ойындарына жолдама ала алмағанына қынжылады. Бағы мен бабы қатар шапқандар ғана ұмтылатын Олимп шыңын бағындыру кейіпкеріміздің басты армандарының бірі еді.
Бұл жеңіс Алиханға өз мүмкіндігінің әлдеқайда жоғары екенін көрсеткен бәсеке болды. Бұлай дейтініміз жыл басында Олимпиада ойындарына іріктеу кезінде сынақтан сүрінген балуан ұлттық құраманың қатарынан шеттетілген. Жас балуан 2016 жылы жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жүлдегер атанғаннан кейін ұлттық құраманың қатаррына кірген болатын. Жарқын болашағы, арман-мұраты спортпен байланысқан балуан үшін ұлттық құрама қатарынан кету ауыр соққы болғаны жасырын емес. Тауы шағылып, үйірінен адасқан тұлпардай тықыршыған ол қандай жұмыс істеп жүрсе де өзінің спортшы екенін ұмытқан жоқ. Талғар қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істей жүріп, өзінің нағыз балуан екенін дәлелдеді.
1999 жылы Ақмола облысында өмірген келген Алихан – бес жасынан бері Тұздыбастау ауылының тұрғыны. Ауылдағы №31 мектептің түлегі екінші сыныптан бастап спортпен шұғылданған. Республикалық спорт колледжін, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығын тәмамдаған. Бала жасынан спортты жанына серік еткен балуанның жеткен жетістіктері аз емес. 2016 жылы Тайпейде өткен жасөспірімдер арасында Азия Чемпионатында, 2019 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен жастар арасындағы халықаралық турнирде, Ресейдің Хабаровск қаласында өткен жастар арасында халықаралық турнирде, 2019 Болгарияда өткен ересектер арасында халықаралық турнирлердің барлығында тек 1-орынмен ел-жұртын қуантқан. Жастар мен жасөспірімдер және ересектер арасында Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Келесі жылы өтетін Қазақстан чемпионатында олқылықтың орнын толтыратынына бек сенімді.
Бір спортшының шаршы алаңда атой салып, жеңіске жетуі үлкен дайындық, қажырлы еңбекпен келетіні белгілі. Таланттыларды көз жазбай танып, барын салып баптап аламанға аттандырған жаттықтырушылардың еңбегін айтпай кету әбестік болар. Алиханның ата-анасынан кейінгі жанашыр жаттықтырушылары Даулет Жақсылықов пен Самат Тезекбаевтың да еңбегі ерен. Ұлттық құраманың қатарынан шығып қалса да шәкіртінің топ жаратынына күмән келтірмеді. Жігерін жанып, бабын тауып бәйгеге қосып келеді. Олар – Тұздыбастау ауылындағы спорт кешенінің тұруына себепкер болған азаматтар, қазақ спортының шын жанашырлары.
Еске сала кетейік, өткен жылы республика күні мерекесі қарсаңында Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылында спорт шебері, грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы Қанат Жақсылықов атындағы «Qanat» спорт кешені ашылды. Оған ауыл жастары үшін игі іс тындырған марқұм чемпионның туған бауыры Дәулет Жақсылықов пен оның достары және ниеттес ауыл тұрғындары бастамашы болды. Қанша сүрінсе де арманынан айнымаған Алихан Қажымұқанұлына және «Қанат» спорт кешенінің ұжымына жеңістеріңіз құтты, алар межелеріңіз биік болсын дегіміз келеді.
Зорагүл Әбдіқадір