«Талғар ауданының құрметті азаматы», Қазақстан жазушылар одағының және Түрксой жазушылар одағының мүшесі, ақын Бексұлтан Көлбаев мерейлі жетпіс жасқа толып отыр. Қолына қалам алып, жүрек сырын, туған елге, жерге деген махаббатын жырмен жеткізетін ақын өз оқырмандарына сүбелі жырлар сыйлап келеді. Жетпіс жасқа иек артса да қалам тербеуден жалықпаған ол жарты жыл бұрын ғана аудандық орталық кітапханада «Оятып ойдың зердесін, көңілдің аштым пердесін» атты кітабының тұсаукесерін өткізген болатын. Қазақстан Республикасы Қонаев қоры президентінің кеңесшісі Дәулетбек Жанботаев Б.Көлбаевты Қонаев қорының төсбелгісімен марапаттап, ақын еңбегін айрықша бағалаған. Табысқа жеткен азаматтың артында ақылды әйел тұрады дегендей, ақынның жырларын жинап-теріп, қағазға түсіріп, кітабының шығуына үлкен үлес қосқан жұбайы Күлтәй Достаева да 70 жаста. Өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көрген бақытты жандарды мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз.
Бабаларымыз «Ақын болу өз ісің, азамат болу борышың» демекші, Б.Қайырбайұлы туған елінің ақыны да, азаматы да бола білді. Шалқыған шабытының бастауы көркі көз сүріндіретін туған жерінің тұмса табиғаты мен туған елінің ыстық ықыласы екенін жырларынан айқын байқалады. Буыны бекіп, қанаты қатпай жатып асқар тау әкесінен айырылған ауыр тағдыры, анасының жүгін арқаласқан қайсар бозбаланың жан сыры да жалынды жырларына арқау болды. Ал бүгін «Жетпістің көрдік белесін» деп жырлаған ол қамшының сабындай қысқа ғұмырда қайта айналып келмейтін бір кем дүниенің ойлы-шұңқырына ой жүгірітті. Бүгінгі күнге дейін «Тамыры терең, тарихы өлең – таулы өлке», «Тұғыры биік туған жер», «Жүрек сыры», «Оятып ойдың зердесін, көңілдің аштым пердесін» атты жыр жинақтарын ұсынып, өз оқырмандарының ықыласына бөленді. 2000 жылдан бастап Кеңдала ауылына қоныс тепкен ақын осы ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы ретінде ауыл тұрғындары ынтымағының ұйытқысына айналды. Кейіпкеріміз батагөйлер сайысында да бақ сынап, «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген даналарымыздың ізін жалғауда.
Отты жырларымен ой салып, Талғар халқын тәтті жырларымен тербетіп жүрген Б.Көлбаевты, елу жыл отасқан жан жары – Күлтәй Достаеваны мерейлі 70 жастарымен құттықтап, шығармашылық табыс, мықты денсаулық тілейміз.