Жастар – қай заманда болмасын асқақ арман мен үлкен үміттің символы. Жас буын мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, алдымен жастардың жағдайын жасаумыз қажет. Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа дайын бола алатын, сонымен қатар қоғамның иілгіш және сенгіш тобы деп айтсақ та артық болмас.
Тәуелсіз еліміздің аз ғана ғұмырында дін саласы көптеген өзгерістерге ұшырады. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Жастардың рухани және діни сауатты болуы – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туады. Жаһандану дәуірінде түрлі-түрлі рухани қауіп-қатерлердің бар екендігі және жастарды «Бұқаралық мәдениеттің» зиянды әсерінен қорғау маңызды рөл атқаруда. Өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың санасын бөтен идеялардың ықпалынан қорғау, ақпараттық шабуылдарға қарсы идеологиялық иммунитетті қалыптастыру, қылмыстың, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға көмектесу, жастарда патриотизм сезімін арттыру қажет.
Адасушылыққа алып келетін жағдайлардың бірі – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке орай, тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың таспалары желілерде желдей есіп жүр, соны көрген жас буын діни білімнің аздығынан дұрыс сүзгіден өткізе алмай арты адасуға әкеліп соғуда. Тағы бір себебі болса тәрбиенің мардымсыздығы мен ата-анасының қарауынсыз қалуы. Толық отбасынан шықпаған мейірімге, тәрбиеге мұқтаж бала жылулықты көшеден іздейтіні айтпаса да түсінікті. Ата-анасынан ала алмаған діни ақпаратты көшеден іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтырып жатады. Көпшілігі күн көрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Отбасында адал мен арамды білмей өскен бала, өскенде дінге қатысты көкейінде жүрген сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, тұзағына оп-оңай түсіп кете барады.
Әсер етуші факторлардың тағы бірі санасы қалыптаспаған жастардың тез күйзеліске ұшырауы. Қамшының сабындай қысқа, өмірде жақсыны да жаманды да қатар көресің. Күнделікті күйбең тірлікпен біреуге ренжіп ашуланасың, енді бірде ашуландырасың. Әйткенмен де жаратқан Алланың пенделері басына қиын-қыстау күн туып, қатты қиналғанда туған-туыс, дос-жараннан жылылық, мейірім, материалдық көмек бере алатын жандар іздейді. Дәл осы сәтте әлгі дәстүрлі емес жат ағымның мүшелері ет жақын бауыры көрсетпеген жылулықты көрсетіп, бауырмалдылық танытып, жабырқау жандардың жанынан табыла кетіп, қайғысын бөлісіп, көңілге демеу береді. Осылайша айырылмас досқа айналып, әлгінің айтқанынан шыға алмайтындай халге душар болғанын өзі де сезбей қалады.
Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір орны – күмәнді діни оқу орындары. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, шетелге діни білім алушылар көбейді. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары болмады. Ал, қазіргі таңда діни бағыттағы оқу орындары жеткілікті. Дегенмен де суды бұлақтың басынан ішейік, шетелдің оқу орындарында, ғалымдардың алдында отырып, білім нәрімен сусындайық дейтіндер де табылады. Сол мақсатпен шетелге барған, діни сауаты аз жастар, заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін шейхтардың улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елге келіп өз уағыздарымен ылаң салып жүргендері де баршылық.
Қорыта келе, қазіргі таңда елімізде халықтың әсіресе, жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез-келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі.
Б. Құдайберген,
«Дін саласындағы мәселелерді
зерттеу орталығы»
КММ дінтанушы маманы