Алматы облысының «WorldSkills Qonaev — 2024» аймақтық чемпионаты

Алматы облысының «WorldSkills  Qonaev — 2024» аймақтық чемпионаты

«WorldSkills» International — халықаралық ұйымы бүкіл әлем бойынша кәсіби дайындық пен біліктіліктің дәрежесі.

Жұмысшы мамандықтарын дүниежүзі бойынша халықаралық жарыстар өткізу арқылы танымалдығын көтеру мақсатында 1946 жылы «WorldSkills» құрылған. «WorldSkills» халықаралық қозғалысына әлемнің 80-нен астам елі қатысуда. Қазақстан «WorldSkills International», «WorldSkills Europe» және «WorldSkills Asia» толық құқықты мүшесі болып табылады.
Еліміз «WorldSkills» қозғалысына 2014 жылы қосылды. 2015 жылы Сан-Паолода өткен WorldSkills Competition бірінші әлем чемпионатында қазақстандық команда 50-ші орында болса, 2017 жылы Абу-Дабиде өткен жарыста 24-ші орынды иеленді. Сонымен қоса елімізде кәсіптік-техникалық және жоғары білімнің дамуы, бұл көрсеткіштерді одан әрі жақсарту үшін перспективалар ашып отыр.
23 сәуір күні Талғар аудандық мәдениет үйінде Алматы облыстық Білім басқармасы, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің ұйымдастыруымен «WorldSkillsKonaev — 2024» чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Аталған шараға Талғардан Агробизнес және менеджмент колледжі, Политехникалық колледж, Жетісу гуманитарлық-техникалық колледжі, Шамалған «Кәсіпті оқудағы көпсалалы» колледжі, Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжі, Прогресс политехникалық колледжі, Каракемер кәсіптік колледжі, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі сынды 32 оқу орны қатысты.
Алматы облысы Білім басқармасының басшысының орынбасары Г. Исағұлова арнайы дайындалған кнопканы басу арқылы шараның ресми түрде ашылғанын хабарлады. Барша қатысушыларды шын жүректен құттықтап, алдағы бәсекеде топ жаруларына тілектестік білдірді. Сонымен қатар бүгінгі таңда жұмысшы мамандығына қызығушылық артып келеді деген ол, жастардың талабына серпіліс беретін түрлі сайысты ұйымдастыруға арқау болған еліміздің Оқу- ағарту министрлігіне ерекше алғыс білдірді. Чемпионаттың ашылуына ән шашуын арнап келген ҚР халық әртісі Гүлбаушан Тілеубекқызының «Жан сырым» әнін орындап, жалынды жастарды жігерлендіріп тастады.
WorldSkills чемпионатының басты мақсаты – жұмысшы кәсіптерінің абыройын арттыру, жас жұмыскерлерге қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық дағдылар мен жоғары біліктіліктерді алу мүмкіндігін беру.
Биылғы жылы аймақтық чемпионат құзыреттілік орталықтары бар Алматы облыстық қызмет көрсету және қоғамдық тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі МКҚК, Талғар политехникалық колледжі МКҚК, Есік гуманитарлық-экономикалық колледжі МКҚК, Алматы экономикалық коледжі МКҚК, Шамалған кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжі МКҚК сынды 5 колледждің базасында өтеді.
Чемпионаттың өту барысында қатысушылардың білімі мен дағдысын саралау үшін колледждердің әлеуметтік серіктестері тәуелсіз баға берушілер ретінде қатысады. «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» құзыреттілігі бойынша Талғар агробизнес және менеджмент колледжі, ал «Автомобиль шанағын жөндеу» құзыреттілігі бойынша Каракемер кәсіптік колледжінің студенттері бақ сынамақ. Қазіргі таңда автокөліктер тек тасымалдаушы құрал ғана емес, қоғамда үлкен бір маңызды факторға айналып үлгергені белгілі. Күн өткен сайын автокөліктердің жаңа нұсқалары шығарылып, тек фантастикалық фильмдерде көріп жүрген мүмкіндіктер бүгінде ақиқатқа айналуда. Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Динара Бозымбекова бұл байқау төрт күнге жалғасатынын және колледж арасында іріктелген студенттер «Автокөліктерге қызмет көрсету және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бәсекеге қатысатынын жеткізді.
Салтанатты шараға Алматы облысы Әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова қатысты. Байқауда бақ сынаған барша жастарға жоғары жетістіктер тілейміз!

Зорагүл Әбдіқадір