QTALKS жастар форумы жалғасын тапты

QTALKS жастар форумы жалғасын тапты

Кәсіптік бағдар беру – білім берудегі, әсіресе, ауыл жастары үшін басты міндеттердің бірі. Үлкен қалалардан қашықтығына және ақпараттық ресурстарға қолжетімділіктің шектеулі болуына байланысты жастардың болашақ мамандығы туралы шешім қабылдауы және өз аймағынан тысқары жерде қандай білім алу мүмкіндіктері бар екенін түсіну қиынға соғады. Осы тұрғыда QTALKS жастар форумы сияқты іс-шаралардың маңызы ерекше.

Жуырда Талғар ауданы Бесағаш ауылдық мәдениет үйінде «Amanat» партиясының қолдауымен QTALKS бірегей жастар форумы өтті. 13–17 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен студенттердің білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыру, олардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына және қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпал ету мақсатында өткен шараға Талғар ауданындағы барлық мектеп оқушылары қатысты.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі – PhD доктор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, Талғар аудандық мәслихатының депутаты, QTOP білім беру орталығының негізін қалаушы Жандос Байжұма. Ол форумға Термофизика және техникалық физика кафедрасы, ҚазҰУ экономика және бизнес факультеті, Қайнар, Нархоз, Абылайхан атындағы халықаралық тілдер университеті, Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті, Каспий университеті, Қазақ-Ресей медицина университеті, Тұран, Қыздар педагогикалық университеті және UIB сынды жетекші жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдерін жинады. Шарада мамандық таңдауға көмектесу, білімді жетілдіру жолдары, жастардың қабілетін шыңдау, волонтерлік қызмет арқылы ізгі әдет қалыптастыру, IT және бизнес саласының келешегі сынды өзекті тақырыптар талқыланды. Бұл тақырыптар жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуымен шығармашылық қарым-қабілетін ынталандыруға бағытталды. Шараны ұйымдастырушы Ж. Байжұма форумның негізгі мақсатына тоқталып: «Мен – Талғар ауданы Тұздыбастау ауылының тумасымын. Он жылдан бері ағарту саласында жұмыс істеп келемін. Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз жастардың мамандық таңдауда кездесетін қиындықтарды шешуге көмектесу. Мектеп бітірген жастар мамандықты ҰБТ-ның балына қарап таңдайды. Олар алдымен емтихан тапсырып алайық, сосын көреміз деп жатады. Мұнда Алматы қаласындағы университеттердің өкілдерін шақырдық. Олар да қуана келісті. Олар дарынды жастарды тарту ға мүдделі. Бүгінгі жастар өте талғампаз. Өз талғамы, ойы бар. Әркімнің айтқанымен жүре бермейді. Жеке ұстанымы, пікірі бар. Бүгін аудандық және облыстық депутаттардан тыс, «Аmanat», «Respublica» партиясының өкілдері келді. Бұл шара 2018 жылы ұйымдастырғанымен арада үзіліс болып енді ғана жалғасын тауып жатыр. Мамандықты дұрыс талдамау мемлекет үшін үлкен олқылық. Қазір өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер аз емес. Өзі қаламаған кәсіппен айналысқан адамның жұмыс өнімі аз болады. Мұндай жағдай мемлекеттің дамуына кері әсерін тигізеді. Мемлекет дамуының қозғаушы күші саналатын жастардың дұрыс мамандық таңдап, өнімді жұмыс атқаруы аса маңызды», – деп атап өтті.


Күннің бірінші жартысында «Бесағаш» мәдениет үйінің фойесінде жоғары оқу орындары мен колледждердің көрмесі ұйымдастырылды. Мектеп оқушыларына гранттар, білім беру бағдарламалары, оқуға түсу шарттары мен ЖОО-ның инфрақұрылымы туралы ақпарат берілді. Форумның екінші жартысында Жандос Байжұма мен Гүлжан Түсбиянова презентация жасап, сыни тұрғыдан ойлауды дамыту тақырыбын ашып түсіндірді. Есепші, хореография, шығармашылық, волонтерлік қызмет тақырыбына тоқталды. Ал Диас Асанов бақытты өмірдің негіздері туралы өз көзқарасымен бөлісті. Әрбір презентациядан кейін студенттер сұрақтар қойды. Үздік сұрақтың иесіне Жандос Байжұмның жеке кітапханасынан кітаптар табысталды.
QTALKS форумы сияқты іс-шаралардың маңыздылығы аса жоғары. Бұл мектеп оқушылары үшін білім беру мен кәсіби дамудың әртүрлі аспектілері туралы құнды ақпарат алудың бірегей мүмкіндігі, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсенді қатысуға шабыт берері анық. Форумға қатысу жастардың болашақ мамандығын таңдауына, ой-өрісін кеңейтіп, сыни ойлауы мен коммуникативті дағдыларын дамытуға көмектеседі. Университеттер мен колледждер үшін QTALKS форумы білім беру бағдарламалары мен мүмкіндіктерін көрсетуге, сондай-ақ білімді студенттерді өзіне тартуға арналған алаң. Сондай-ақ бұл жастармен қарым-қатынас жасау және олардың қажеттіліктері мен қызығушылықтарын түсіну тәсілі, бұл оқу бағдарламаларын заман талабына бейімдеу үшін маңызды.
Баяндамашылар арасынан Алматы облыстық және Талғар аудандық мәслихат депутаттарының дәстүрлі емес, пафоссыз сөйлегені жастарға түсінікті әрі қызықты болды. Бұл мектеп оқушылары мен студенттерді толғандыратын мәселелерді ашық диалогқа келуге және белсенді талқылауға жол ашты. QTALKS форумы Талғар өңірі үшін айтулы оқиғаға айналды. Сонымен қатар аталған жиынды тұрақты түрде өткізу, Алматы облысы деңгейінде кеңейту де жоспарлануда. Қатысушылардың пікірлері жағымды әсер қалдырып, жастардың мамандық таңдау және қоғам өміріне белсенді қатысу жолындағы маңызды қадам болары анық.

Зорагүл Әбдіқадір