Белбұлақтықтардың базынасы

Белбұлақтықтардың базынасы

Жуырда Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев Белбұлақ ауылдық округі тұрғындарымен тұрақты кездесуін өткізді. Кездесуде аталған окруктегі атқарылған жұмыстар сараланып, алда атқарылатын жұмыстар жайы сөз болды. Тұрғындардың қабырғасына қара тастай батып жүрген сұрақтардың шешімі қарастырылды. Белбұлақ ауылдық округіне 3 елдімекен бар. Округтің жалпы жер көлемі 52 307 га, халық саны – 22 355 адам, оның ішінде: Белбұлақ ауылында 10 198, Бірлік ауылында – 4 252, Талдыбұлақ ауылында – 7 905 адам тіркелген. Аула саны: 4 507, Белбұлақ ауылында – 2 617 аула, Бірлік ауылында – 747 аула, Талдыбұлақ ауылында – 1143 аула.

Әкімнің есебінше, өткен жылғы жоспар бойынша, Белбұлақ ауылдық округіне барлығы 293 млн 923 мың теңге бөлініп, әкім аппаратын ұстап тұруға – 77 млн. 518 мың теңге, елдімекендерді жарықтандыруға — 95 млн. 320 мың теңге жұмсалған. Жарық бағаналарын ұстап тұруға – 6 млн. 550 мың теңге қарастырылса, электр жарығының төлемақысына -15 млн 823 теңге жұмсалған Біржан сал, Астана, Бұқар жырау, Абай, БАКАД Талғар трассасы, Талдыбұлақ /аялдама/ барлығы 211 жарық бағана орнатылды. Жұмсалған қаржы 15 млн 946 мың теңге. Пушкина, Абылай хан, Құрманғазы, Торомонова, Керей хан, Байтұрсынова, Шәкәрім көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 220 млн. теңге бөлініп, 12,5 шақырым жол жөнделді. Мердігер мекеме – «Жетісу Жол Құрылыс» ЖШС. Белбұлақ ауылдық округі бойынша республикалық маңызы бар Алматы – Талғар — Бәйдібек би авто жолы бойына 3 жарықтандырылған жаяу жүргінші өткелі орнатылған.
Аталған ауылдық округтың тұрғындарын ауыз сумен РММ «Нұра топтық су құбырының» Алатау филиалы қамтамасыз етуде. Елдімекендердің су құбыры желілерінің ұзындығы — 34,3 шақырым. Округ бойынша қолданыста 8 су тарату колонкасы, 4 су резервуары, 5 тұндырғыш бар. «Талғар топталған су тартқышының құрылысы және қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында «Ақ жол» ЖШС мекемесімен Белбұлақ ауылында 2018 жылдан бастап республикалық бюджеттен 524 млн. 760 мың теңге бөлініп, жаңа су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында 51 шақырым жаңа су құбыры тартылды. Белбұлақ ауылында абоненттерді жаңа су құбырларына қосу жұмыстары жүргізілуде.
Талдыбұлақ ауылында 24 шақырым, Бірлік ауылында 18 шақырым жаңа су құбырларын тарту жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстарды бас мердігер «Мелиоратор» ЖШС мекемесі атқаруда. 2011 жылдан бастап Белбұлақ ауылдық округін газбен қамтамасыз ету мақсатында «Жетісу Газ Құбыры» ЖШС мекемесі тұрғын үй, мекеме, шаруашылық нысандарды газдандыру жұмысымен айналысып келеді.


Белбұлақ ауылдық округі бойынша электр желілердің жалпы ұзындығы — 140 шақырым, оның ішінде Белбұлақ ауылында — 73, Бірлік ауылында-30, Талдыбұлақ ауылында — 37 шақырым. Белбұлақ ауылдық округі бойынша АЖК АҚ теңгерімінде тұрған ұзындығы 120 шақырым барлық электр желілерінің 35% тозығы жеткен, оның 65% жаңартылды. Ауылдық округтің елдімекендері үздіксіз электрмен қамтамасыз етілген.
А. Бидаевтың баяндамасынан кейін ауыл тұрғындары таласа-тармаса сұрақ қойды. Орыс ұлты өкілі сұрағына қазақша жауап берген Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Досымбаевтан орысша жауап беруін талап етті. Сонымен қатар «орысша үйренбейсің бе?!» деп бұйыра сөйледі. Көптің алдында қысылып қалған әкім: «Өзің үйрен» деп дүрсе қоя берді. Қазақ елінде тұрып қазақша үйреніңдер, қазақтың салт-дәстүрін, тілін құрметтеңдер дегендер де аз болмады. Ат төбеліндей аз ғана топтың өктемсіп сөйлегені намыстарына тисе керек. Елдің жайы сөз болатын жиында тіл мәселесі ушыға жаздады.
Жиында ауыл көшелерін жарықтандыру, тас төсеу, асфальттау, газдандыру, жаңа құрылыс көшелеріне автобус жүргізу, жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беру сияқты мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап берілді. Белбұлақ ауылындағы Бұқар жырау көшесін Талғар күре жолына төте шығатындай етіп жасау керек деген азаматтың сөзін қостағандар да болды. Қаладан жұмыс істеп нәпақасын тауып жүрген жастар мен студенттердің күре жолға жетуінің өзі мұң екенін, сол себепті оларға автобус ауадай қажет екенін ашып айтты. Көшелерді жарықтандыру үшін бағаналар орнату жұмыстары жердің тоңы жібігеннен кейін ғана басталатыны да сөз болды. Дәл қазіргі таңда ауылдық округ үшін кезек күттірмейтін тағы бір мәселені қозғаған ауыл ақсақалдарының бірі Әбіл Аққалов Бірлік ауылындағы ауруханаға апаратын жолдың жайын сөз етті. Жекеменшікке өтіп кеткен жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, аурухананың жолы болып жасалуын талап етті. Сонымен қатар осындай бассыздыққа көз жұмып отырған басшылықты да сынға алып, сылбыр жұмысына наразылық білдірді. Ескірген және ретсіз орнатылған бағаналардан жауынды, желді күні өрт шықса, тұрғындардың өмірі мен мал-мүлкіне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерткендер де болды.
Көңіл қуантатын тағы бір жайт, Талдыбұлақ ауылында мәдениет үйінің құрылысын жүргізу мақсатында 1,1732 га жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі дайындалған. Қаражаттың бөлінуіне қарай мәдениет үйінің құрылысы жүргізіледі. Округ аумағында республикалық автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйеге /КАБИС/ және интернет желісіне қосылған 1 кітапхана жұмыс жасауда. 2 стадион, 4 мектептің жанында орналасқан 4 спорт алаңы, Белбұлақ, Бірлік, Талдыбұлақ ауылдарында балаларға арналған ойын және «Street workout» алаңдары қолданысқа берілген.
3 полиция қызметкері округтің тыныштығын сақтау мақсатында округте жұмыс атқаруда. Бүгінгі күні тірек пунктінің құрылысын жүргізу мақсатында Белбұлақ ауылында 0,08 га жер телімі бөлініп, тұрақты жер пайдалану құқығын беретін актісі (гос.акт) дайындалды. Халық арасында ұрлық, тәртіпсіздік пен ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында домофон, бейнебақылау орнату туралы насихат жұмыстары жүргізілген. Әкімнің ауылға ат басын бұруынан үлкен жақсылық күтетін ауыл халқы жасалып жатқан жұмыстарға да көз жұмбайтынын айтып, елдімекенді көркейту ортақ парызмыз деп атап өтті.

Зорагүл Әбдіқадір