Талғар ауданы Белбұлақ ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылында Марьям Таубасар атты шахматтан Қазақстан чемпионы тұрады. 2016 жылы өмір есігін ашқан кішкентай шахмат- шы бүгінде биік белестерді бағындырып үлгерген.
Марьям өткен жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының шахматтың блиц түрінен балалар мен жасөспірім дер чемпионатын да бірінші орынды жеңіп алып, Қазақстан чемпионы атанған. Ал 2023 жылы шілде айында Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында өткен халықаралық «Asian Schools Chess Championships» атты оқушылар арасындағы Азия чемпионаында шахматтың классика, рапид, блиц сынды үш түрлерінен үш қола медаль жеңіп алған. Марьям үшін өткен жыл табысқа толы жыл болды деуге болады. Себебі ол осы жылы бар мүмкіндігін паш ете алды. Бұлай айтуымыздың тағы бір себебі 2023 жылы «30 тамыз – Қазақстан Республикасының конституция күні» мемлекеттік мерекесіне орай шахматтан Қазақстан Республикасы балалар Кубогының 6 — кезеңі «AKBUALAK OPEN 2023» жарысында бірінші орынды иеленіп, кубок, медаль және ақшалай сыйлыққа ие болды. Бүгінде ол спорт шеберіне үміткер.
Марьям алты жасында өзінің талантты шахматшы екенін көрсете білді. 2022 жылы шахматтан ұлдар мен қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатында қыздар арасында шахматтың рапид түрінен бірінші орынды жеңіп алып, болашағынан үлкен үміт байқатты. Анасы Бағдат Әділбекованың айтуынша, талапты қыз шахматты бес жасында алғаш атасынан үйренген. Отбасы мүшелерінің ешқайсысы спорттың бұл түрімен кәсіби деңгейде айналыспағанымен, бастары қосыла қалса шахмат ойнайды, бәрі осы өнердің жанкүйерлері. Отбасындағы үлкендерді оп-оңай ойсырата жеңе бастаған қызының талабын ескерген анасы оны Талғардағы «Talgar Cheess club» шахмат клубына берген. Клубқа барғанына екі айдан кейін Қазақстан чемпионатына қатысып, алты жасында қыздар арасында шахматтың рапид түрінен бірінші орын алып, Қазақстан чемпионы атанады.
Бүгінгі таңда ол Жансая Әбдімәлік атындағы «Шахмат академиясында» өнерін ұштауда. Академияның директоры Данияр Абдімәлікұлы Марьямға академияға келуге өзі ұсыныс жасапты. Болашақта Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасова әпкелері сынды әлемдік аренада еліміздің көкбайрағын желбіретуді армандайды. Кішкентай шахматшы бос уақытында кітап оқып, сурет салғанды ұнатады. Алматы облысы шахматтан және үстел ойындарынан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының оры нбасары Ернұр Алиакпар: «Таубасар Марьямның жетістігін өте жақсы деп бағалауға болады. Осы жылдың аяғында Талғар ауданында өткен облыс чемпионатында екінші орын алып , 22 қаңтарда Шымкент қаласында өтетін Қазақстан
чемпионатында жолдама алды. Алдағы байрақты бәсекеде топ жарады деген сенімдеміз. Ата-анасы да айтарлықтай қолдау көрсетіп жатыр. Сол кісілердің еңбегі жанады деген үмітіміз басым. Алматы облысының шахматшыларының деңгейі өзге облыстармен салыстырғанда жоғары деп айта алмаймын. Ал Марьямның жетістігі осы олқылықтың орнын толтырады деген ниетіміз бар», – деген ойын алға тартты.
«Talgar Cheess club» шахмат клубының жаттықтырушысы, Алматы облысы бойынша Қазақстан шахмат федерациясының республикалық-қоғамдық бірлестігінің филиалының атқарушы директоры Жанқуат Сарсенғали шәкірті туралы: «Балалардың екі түрі болады. Біріншісі табиғат талант сыйлаған дарындылар болса, екіншісі еңбекқор, ізденгіш балалар. Ал Марьямның бойында екі қасиет те жарасым тапқан. Телефон, телевизорға тәуелді емес. Аптасына бес күн үйірмеде екі-үш сағат жаттығады, үйіне барған соң да шахматқа қатысты кітаптарды оқиды. Қаршадай қыздың ізденісі мен табандылығы адам жанын сүйсінтеді. Ол алған бетінен жазсаба, әлемді мойындатқан шахматшы қыздарымыздың қатарын толықтырары сөзсіз!» – дейді. Халқымыз «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп тәмсілдейді. Бала болса да даралығын көрсетіп, туған жерінің атын шығарып жүрген Марьямның қадамына сәттілік тілеп, алар асуың биік болсын деген тілегімізді білдіреміз.
Зорагүл ӘБДІҚАДІР