Талғар ауданының үздіктері марапатталды

Талғар ауданының  үздіктері марапатталды

Жаңа жыл қарсаңында Талғар аудандық мәдениет үйінде ауданымыздың ғана емес, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшыларға «Талғар шыңы-2023» сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Аталған шараға аудан әкімі Таңат Айдарбеков, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбайұлы, армрестлингтен жастар арасында әлемнің 2 дүркін және ересектер арасында 4 дүркін чемпионы Гетало Александр тағы басқа да спорт жұлдыздары мен спорт жанашырлары қатысты.

Талғар ауданының спорттық-патриоттық бағытта атқарылған жұмыстарын қортындылай отырып, үздік спортшыларды марапаттау мақсатында өткен шарада құттықтау сөз алған аудан әкімі Т. Айдарбеков келіп жеткен жаңа жылмен құттықтап: «Жаңа жыл баршамызға тек жақсылығымен келсін. Ауданымыз 2023 жылы спорт саласында ауыз толтырып айтарлық табыстарға қол жеткізді деуге болады. Халқымыз әрқашан намысын жатқа бермеген батыр, батыл азаматтарды пір тұтқан, солардың өршіл өнеріне табынған. Өңіріміздің спорт саласында дәл осындай рухты азаматтар аз емес. Қазіргі таңда Республикада балалар мен жасөспірімдер арасындағы спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Олар үлкен спорттың, шаршы алаңның ізбасарлары екені сөзсіз. Болашақ солардікі. Талғар ауданының шахматшы балалары әлемді таңқалдыруда. Атап айтсақ кішкентай ғана Мриям
Таубасар – шахматтан Қазақстан чемпионы. Алғырлығы мен тапқырлығы арқылы топ жарған кішкентай қыз еліміздің мақтанышына айналды деуге болады. Ауданымызда осындай жетелі жеткіншетер аз емес. Олар ұлттық спорт түрінен де, ауыр, жеңіл атлетикадан да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Спорт — ел абыройын асқақтататын, ұлтты ұйыстыратын ғаламат құбылыс. Бүгінде Қазақстан әлемдік қауымдастыққа дүбірлі додаларда атой салып жүрген спортшыларымен танылып келеді. Алдағы уақытта да жүйелі жұмыс пен қыруар шаруа жемісін беріп, спортшыларымыз биік белестерді бағындыра берсін. Мереке қарсаңында барлық жеңімпаз ұл-қыздарымызды шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, толайым табыс тілеймін!» – деп атап өтті.
Жамбы атудан жастар арасында әлем чемпионы Малдияр Шәріпбай бастаған «Үздік спортшы-2023» номинациясының жеңімпаздарына аудан басшысының Алғыс хаты табысталды. Марапат алғандар қатарында теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ сынды ұлттық спортымыздың жалауын көтеріп жүрген жігіттер де бар. Өңір басшысы спорт саңлақтарын баптап бәйгеге қосып жүрген жаттықтырушыларды да жадынан шығармапты. Олардың ерен еңбегін елеген Таңат Ескелдіұлы Алғыс хатпен марапаттап, баптаған жүйріктеріңіз бәйгеден келе берсін деген тілегін білдірді. Сонымен қатар Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы да «Үздік әдіскер-нұсқаушы – 2023» және «Спорт жанашыры – 2023», «Үздік дене шынықтыру ұстазы – 2023», «Үздік ұлттық спорт жанашыры – 2023», «Үздік спорт журналис – 2023» сыйлығының иегерлерін марапаттады. Үздіктер Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Е. Сарабеков пен Талғар аудандық күрес федерациясының вице-президенті Алишер Сұлтанмұратұлының қолынан Алғыс хат алды. Талғар ауданы мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру спорт бөлімінің басшысы Фарида Мамырбекқызы «Спорт ардагері-2023» номинациясының жеңімпаздарын да құралақан қалдырмады, сый-сияпат табыстап, әрқашан тілекші бола беріңіздер деген ниетін білдірді.


Ауданымыз өткен жылы спортсаласында толағай табыстарға қол жеткізді десек артық болмас. Алматы облысы шахматтан және үстел ойындарынан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Ернұр Алиакпар талғарлық жастар мен жасөспірімдер шахмат ойынынан облыста алдыңғы қатарда екен айтқан болатын. Бұл көңіл қуантатын жағдай.
Мереке қарсаңында ауданымыздың әр саласында еңбек етіп жатқан үздік жастарға да аудан әкімінің «Самғау-2023» жастар сыйлығы табысталды. Айтулы шарада 2023 жыл – жастар жылын қорытындылай отырып, Талғар ауданының 14 пен 35 жас аралығындағы белсенді, білімді, Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянып қалмайтын нағыз көшбасшы жастарына аудан әкімінің Алғыс хаты мен сыйлықтары берілді. Марапат алған 15 түрлі мамандық иелері мыналар: Үздік жас мемлекеттік қызметші, үздік жас дәрігер, үздік жас ұстаз, үздік жас спортшы, үздік жас журналист, үздік жас кәсіпкер, үздік жас отбасы, үздік жас өнерпаз, үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы, үздік жас әдебиетші, үздік ерікті, үздік үкіметтік емес ұйымының көшбасшы, үздік жас әскери қызметші, үздік ауыл шаруашылығының жас маманы. Аудан әкімі Таңат Айдарбеков болашақ жастардың қолында екенін айта отырып: «Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Болашағын бағамдайтын мемлекет жастарының санасының ояу, білімінің жоғары болуына баса мән береді. Білім мен ғылымның салтанат құруы Отанның еңсесін ешкімге бастырмауға сеп болатынын бүгінгі заман дәлелдеп отыр. Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi», – деп атап өтті. Жастар – болашақ келбеті, қоғамның қозғаушы күші. Олардың алда бағындырар шыңы, алар асуы биік деп сенеміз!Қоян жылын қортындылай отырып, ұлу жылына үмітпен иек артқан кеш жаңа жыл жақсылығымен келсін деген тәтті тілекке толы лебіздермен аяқталды.

Зорагүл Әбдіқадір