Қарасай ауданында да қолжетімді интернетке жол ашылды

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде 2024-2027 жылдар аралығында Қарасай ауданындағы 13 елді мекеннің тұрғындары сымды және сымсыз интернетке тегін қосыла алады. Осы және өзге ғаламтор желісі мен байланыс бойынша мәселелер аудандық әкімдікте өткен жиында талқыланды.

Аталған жоба аясында толық ақпарат беру үшін Алматы облысы технологиялар басқармасының байланыс және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бөлімінің басшысы Айгүл Бекетова Қарасай ауданына арнайы келді. Жалпы Ұлттық жоба Мемлекет басшысының республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданған. Оның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту. Ұлттық жобаны іске асыру 2027 жылға дейін еліміздің әрбір нүктесіндегі жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Айгүл Жұманқызының айтуынша, цифрлық технологиялар басқармасымен облыстың елді мекендерін сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жолы картасы әзірленген. Яғни, жоғарыда аталған жобаның аясында 2024 жылы Көктөбе ауылы спутниктік технологиялар негізделген интернетпен қамтамасыз етіледі. Ал, талшықты-оптикалық байланыс желілері 2024 жылы Құмарал, Қаратөбе, Жалпақсай, 2025 жылы Сауыншы (Әйтей а.о) , 71-разъезд, Сауыншы (Бірінші Май а.о.), 2026 жылы Қайрат, Құмтоған, 2027 жылы Көктөбе, Жыңғылды, Құрқұдық, Айқым сынды ауылдардың халқы үшін қолжетімділігі қарастырылған. Айгүл Жұманқызының берген мәліметіне сүйенсек, аталған елдімекендерге орнатылған интернет желісінің жылдамдығы 500 Мбит/сек құраса, оған қосылу тұрғындар үшін тегін болмақ. Тек айына абонеттің төлем жасайды, оның құны әлі де анықталу үстінде.
Жиналысқа арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, қала және округ әкімдері, экономика және қаржы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы, білім бөлімдерінің мамандары өз салалары мен ауылдарындағы интернет желісіне қосу мен жылдамдығына қатысты сұрақтарын қойды. Өзекті сауалдарға Айгүл Жұманқызымен қатар, аудандағы негізгі интернет бойынша қызмет көрсетуші мекеме «Қазақтелеком» АҚ болғандықтан, оның филиалының Алматы облысы бойынша сату бөлімінің басшысы Нұрлан Боранбаев та жауап берді.Сонымен қатар ұлттық жоба аясындағы жекелеген бағыттың бірі – ол мектептердің интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өйткені қазіргі уақытта еліміздегі ауылды айтпағанда, қала мектептерінің басым бөлігінде интнернет желісі дұрыс жұмыс істемейді. Яғни барлық мектепте интернет көмегімен білім беру бағыттарын жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан мектептерге бірінші кезекте интернет желісін қолжетімді ету маңызды мәселе болып тұр. Ауданда орналасқан 53 мектепте толықтай талшықты-оптикалық байлыныс желілері технологиясы арқылы интернетпен қамтамасыз етілген. Дегенмен кейбір мектепте интернет желісі бойынша ақаулардың бары да анықталды. Бұл жөнінде аудандық білім бөлімінің маманы Бағлан Қанатқызы мәлім етті. Оның айтуынша, әсіресе Елтай, Қайнар, Долан, Қошманбет ауылдарында орналасқан мектептерде интернет жылдамдығы көңіл көншікпейді.
Алдағы жылдары интернет сапасын арттыру бойынша кешенді жұмыстар атқарылмақ. Мәселен, 2024 жылдың екінші тоқсанында ауданда «Алматы облысының қоғамдық және жол қауіпсіздігі бейнебақылау жүйелерін дамыту» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде аудан жолдарында 1000 бейнебақылау камераларын және 35 ақпараттық-бағдарламалық кешендерін орнату жоспарланған.«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында елдің барлық өңірлерінде интернет жылдамдығын арттырып, оның сапасын жақсартуға мән бермек. Сонымен қатар шалғай ауылдарға интернет желісін тарту жұмыстары кешенді түрде жүргізілетін болады.

Бұрым Орынбасар