«AMANAT» партиясы тарихи мұраны сақтап қалуға мүдделі

«AMANAT» партиясы тарихи  мұраны сақтап қалуға мүдделі

Алматы облысы Қонаев қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы облыстық партиялық бақылау комиссиясының және экологиялық мәселелер жөніндегі кеңестің бірлескен отырысы өтті. Жиында өңірдің тарихи-мәдени және табиғи мұрасын сақтау, қорғау шаралары зерделенді. Атап айтқанда, Жамбыл ауданындағы «Аққайнар» петроглифтер кешенінің және Іле өзенінің жағасында орналасқан «Таңбалы тас» шатқалының экологиялық жағдайы назарға алынды.

Отырыс жұмысына тарихшылар, экологтар, қоғам белсенділері және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жиынды ашқан «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев «Таңбалы» қорығында 10 мыңнан астам петроглиф орналасқанын, ал «Аққайнар» кешенінде ежелгі дәуірде тасқа қашалған 5 мыңға жуық таңба табылғанын атап өтті. Алайда, «Аққайнар» кешені осы күнге дейін мемлекет қорғауындағы нысандар қатарына енген жоқ. Сондықтан, тарихи мұраның жойылып кету қаупі бар.
Ежелгі өнер туындыларының тағдырына қоғам белсенділері де алаңдап отыр. «Охотники за петроглифами» қоғамдық бірлестігінің директоры Ольга Гумирова «Аққайнар» кешеніндегі тасқа қашалған таңбалардың басым бөлігі вандализм әрекетіне ұшырағанын атап өтті.
«Бүгінде ежелгі ескерткіштерді зерттеу жұмысы толық аяқталған жоқ. Соның салдарынан нысанды мемлекет қорғауына алу мүмкін болмай отыр. Таңбалардың басым бөлігі жазу, бояу, цемент, гудрон және өзге де қоспалар кесірінен зақымдалған. Киелі орынның ең көп зақымданған тұсы – орталық бөлігі. Онда ұзақ жыл әскери далалық лагерь орналасты. Барлық ғылыми-зерттеу жұмысы аяқталғанға дейін жартас жазығын қалпына келтіру және ондағы жазуларды өшіру бойынша шара қабылдау қажет. Жалпы, «Аққайнар» шатқалын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізу мәселесін қарастыру қажет», – деді ол.
Өз кезегінде, Мәтібұлақ ауылдық округінің әкімі Темірхан Мукеев тарихи ескерткіштерді ауылдық әкімдік қорғай алмайтынына және тарихи-мәдени мұраны сақтаудың кешенді жоспарын әзірлеу қажет екеніне назар аударды. «Археологиялық ескерткіштің іргесінде әскери полигон орналасқан. Ондағы сарбаздар таңбалы тастарды бояп, жазу жазып кетеді. Оны химиялық еріткіштермен де, ацетонмен де сүртіп көрдік. Жазулар өшпей қойды.


Қолымыздан келер шара – тек сенбілік ұйымдастыру. Осы мәселе бойынша қыркүйек айында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталыққа хат жолдаған едім. Одан бері екі ай уақыт өтті. Жауап әлі жолданған жоқ. Ауыл әкімдігінде еліміздің құнды мәдени мұрасын өз бетінше қорғайтындай мүмкіндік жоқ», – деді Темірхан Мукеев.
Партиялықтардың айтуынша, аймақта вандализм әрекетінің етек жаюына себеп болып отырған жайттардың бірі – ведомствоаралық іс-қимылдың әлсіздігі. «Облыстық туризм, мәдениет басқармасы, өңірлік экология департаменті және жергілікті атқарушы органдар әр түрлі жұмыс жүргізуде. Ал ішкі істер органдары болса, ұлттық байлығымызды қорғау мәселесіне қатысты белсенді шара қабылдамайды. Сонымен қатар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жоспарларында вандализмге қарсы күрес бойынша нақты іс-шаралар көзделмеген. Бұл да маңызды мәселенің бірі болып отыр. Осыған байланысты, ведомстволар арасында тиісті өзара іс-қимылды жолға қою, ескерткіштерді вандалдардан қорғауды қамтамасыз ету қажет. Ең алдымен, «Аққайнар» кешенін тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізу қажет», – деді Қуат Байғоджаев.
Жиын соңында комиссия мүшелері уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, «Таңбалы тас» тарихи-мәдени нысандары мен «Аққайнар» кешенінің сақталуын бақылауға алу, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою және абаттандыру, инфрақұрылым жүргізу арқылы ескерткіштерді қорғау үшін барлық шараны қабылдау, тәртіп сақшыларының күшімен жергілікті жерді патрульдеуді қамтамасыз ету қажет. Бұған қоса, облыстық мәдениет басқармасы жыл соңына дейін «Аққайнар» шатқалын тарихи-мәдени нысандар тізіміне енгізу мәселесін қарауы қажет.
Еске сала кетейік, бұған дейін партиялықтар ұлттық байлығымызды қорғау акциясы аясында «Таңбалы тас» шатқалына барды. Аманаттықтар сенбілік өткізіп, 100 қапқа жуық қоқыс жинады. Алдағы күндері партиялықтар және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері сенбілікті «Аққайнар» кешенінде өткізуді жоспарлап отыр. Олар тастағы таңбаларды вандалдар жазып кеткен түрлі жазудан тазартады. Жалпы, «AMANAT» партиясы экология мәселесіне көп көңіл бөледі. Мәселен, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жұмыс аясында ел аумағында 2025 жылға дейін 2 млрд түпке жуық ағаш отырғызылады. Сонымен қатар, ел аумағында рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу мақсатында полиция және экология департаменттері рейд жүргізеді. Сондай-ақ өндірістегі экологиялық бастамалар да күшейтіледі.

«AMANAT» партиясының
баспасөз қызметі