Адамзат баласының сан мың жылдан бергі өркениетті өмірге деген талпынысын ұстазсыз елестету үмкін емес. Өйткені ол – ілім мен білімнің шам-шырағы. Атақты француз ойшылы Жан-Жак Руссо: «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау»деген екен. Міне, сондай өсер өркеннің бақытын аялаған ардақтыұстаз,білім беру ісінің үздігі, ҚР еңбегі сіңген мұғалім, іскер басшы Нұрхан Бектасова болатын. Жақында өзі ұзақ жыл басқарған Есік гуманитарлық-экономикалық колледжіндегі кабиенттердің біріне Нұрхан Сүттібайқызының есімі беріліп, ұстаз ұлағаты ұлықталды. Бұл шара ауданынмыздағы іргелі оқу ордасының құрылғанына 55 жыл толған тарихи датамен тұспа-тұс келіп отыр.
Кабинеттің ашылу салатанатына марқұмның көнекөз әріптестері мен туыстары және колледж оқытушылары қатысты. Аталған кабиенттің ашылуында Нұрхан Бектасовамен бірге тоқырау жылдарының қиындығын еңсерген әріптестері оның педагогтік, іскерлік және өзгеде сан қырлы адами қасиеттерін тілге тиек етті. Білікті басшымен бірге өткізген жылдарды сағына еске алды. Фиолсоф Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз болады. Олар: адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» деген екен. Әріптестерінің айтуынша, осы ұлы қасиеттердің барлығы Нұрхан Бектасованың бойынан табылатын. Олардың сөзінше, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдерде де қажырлы еңбегінің арқасында коллледждің тәжірибелі оқытушылары мен материалдық базасын сақтап, іргелі оқу орнын нарық заманының талаптарына бағыттаған да осы Нұрхан Сүттібайқызы болатын. Адам баласының ерен жетістікке жетуге деген ерік-жігерінің қалыптасуына оның өскен ортасы мен заманы әсер ететіні шындық. Нұрхан Бектасованың тіке туысы Рая Мұсақызының сөзінше болашақ ұстаз бала кезінен аумалы-төкпелі заман көрген үлкендерден тәлім алып, өзіндік өмірмектебінен өтіпті. Нұрхан Сүттібайқызы КСРО спорт шебері Станислав Тынысбековпен шаңырақ көтеріп, саналы ғұмыр кешіп, салиқалы ұрпақ қалды. Шараға қатысқан Сәуле Станиславқызы колледж ұжымына алғыс айтып, ағынан жарылды. Шараның қортынды сөзін сөйлеген колледж директоры Алмас Жылқыбаев басқосудың мән-маңы-зына тоқталды. Бұл ретте Алмас Ауесханұлы: «Нұрхан Сүттібайқызы саналы ғұмырында парасат биігіне көтерілген тұлға. Ең бастысы, Нұрхан Бектасова қай қызметте жүрсе де жауапкершілікті терең сезіне білді. Артына қалдырған игілікті істерінің іздері Кеңес тұсында да, еліміз егемендігін алған жылдардан бергі кезеңдерде де дәл бүгінгідей сайрап жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Оның айтқан ақылы, жол сілтеген жанашырлығы көпшіліктің жанына демеу болғаны сөзсіз. Елі үшін қыруар іс тындырған абзал анамыздың еңбегіне қатысты енді басталған мәңгілік ғұмыры туралы бүгінгі біз ғана емес, келер ұрпақ кесек ойлар айтатыны анық», – дейді.
Шара соңы Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым» әнімен өз мәресіне жетті. Қалдырған ізің мәңгілік, Жанымда тұрар жаңғырып… Осынау ән ұлағатты ұстаз Нұрхан Сүттібайқызының рухына бағыштал-ғандай күй кештік.
Ерзат АСЫЛ